Қаза дастархандарындағы ысырапшылықтан қашан арыламыз?

АTPress.kz. 31 наурыз. Атыраулық дін қызметкерлері халықты қаза дастархандарындағы ысырапшылықтан арылуға шақырды.

Атырау облысы әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров көтерген бастаманы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев та қолдады.  

- Қазалы дастархандардағы аста-төк ысырапшылдық бәрімізді қынжылтады. Алайда, оны мұндай жиындарда ғана айтып, мойындағанымызбен, өзімізге келгенде бейшара болып көрінбеймін бе деген оймен осалдық танытып жатамыз. «Ұлы анандай жерде, қызы мынадай жерде жұмыс жасайды. Жайған дастархандарының түрін қарашы» деп сөгетіндер бар. Мұны доғаруды әркім өзінен бастау қажет. Сол сөзді айтпауға алдымен өзіміздің аузымызды тиып, қалған адамдарға да жоқ, бұл олай емес. Дін – ысырапшылдыққа жол бермеуге шақырады деп насихаттай жүру қажет. Марқұмға құрмет көрсетіп, елдің есінде қаламын десе қаражатын тиімді жұмсап мешітке бір нәрсе алып берген абзал, - деді Н.Ноғаев. 

Жиында марқұмның басына зәулім сарайлар тұрғызудың бәсекеге айналып бара жатқаны да айтылды. 

Орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтың айтуынша, Алматыда құрылған ғұламалар кеңесінің құрастыруымен жерлеу рәсімдерінің қалай болуы керектігі жөнінде кітаптар дайындалуда. Жақында жарыққа шығып, Атырау облысына да таратылмақ. 

- Бүгінде Павлодар, Ақтөбе облыстарында бұл үрдіс тарай бастады. Қаза дастархандарында ысырапқа жол бермей, бір ғана тағаммен, бауырсақпен, май, құртымен шектеледі. Бұдан бөлек, қазіргі кезде халық арасында молда атанып кеткен мешіт қызметкерлерінен тыс адамдар да мәселе тудырып отыр. Олар діни біліктілігі болмаса да жаттап алған «Фатихасымен»  халықтың кәдесіне араласып кетеді. Осы кісілер имамдарға көп сөз әкелуде, - деді Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров

Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев білікті мешіт имамдарының санын арттыру мақсатында, оқуын аяқтап ауылдық жерлерде жұмыс жасауға бел буған «Нұр-Мүбәрак» университетінің студенттеріне гранттар бөлуді қарастыратындығын жеткізді.

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі