Президент архиві электронды архив құруға кірісті

ATPress.kz. 6 маусым. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві өндірістік қызметін толықтай модернизациялауға және электронды архив құруға кірісті.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасы Президентінің архиві цифрлік дәуірге қадам: жаңа бағдар» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Шараға Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Әлікенұлы Жапаров қатысты. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта архивте ақпараттандыру концепциясы мен бағдарламасы толық кешенде жүзеге асырылуда, Ұлттық архив қоры құжаттарын жаппай цифрлеу жұмыстары жүргізілуде, зерттеушілер үшін «виртуалды оқу залының» ақпараттық құрылымы мен моделі құрылған. 

- Архивтің 2021 жылға дейінгі жоспарында 1 категорияға жататын архив істерін яғни, аса құнды және зерттеушілер тарапынан сұранысқа ие тарихи құжаттарды цифрлік форматқа көшіру мақсаты тұр. Осындай істердің жалпы саны 160 мың. Биылғы жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 62 мың іс цифрленген, - деді Б. Жапаров.

 ҚР Президентінің архиві ақпараттық технологияларды кеңінен қолдана отырып, бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады. Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ҚР Президенті Архивінің archive.president.kz  сайтына Қазақстанның жаңа заман тарихының маңызды тарихи оқиғаларын сипаттайтын 33 виртуалды тарихи-құжаттық көрме орналастырылған. Олардың қатарында қазақстандықтардың 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысына қатысуы, халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихы, 1920-1930 ж.ж. қазақ алфавитін латын алфавитіне көшіру және т.б. тақырыптардағы көрмелер бар.

 

Мереке Асанова