АTPress.kz. 22 наурыз. Сәбилердің бірінің тұсауын ала жіппен, енді бірін тоқ ішекпен кескен аймақ басшысы бұл ырымдардардың мағынасын түсіндірді.
- Ала жіппен кескеніміз – ешкімнің ала жібін аттамасын, еліне адал қызмет қылсын деген ниетіміз, ал тоқ ішекпен кескеніміз – елі, халқы тоқ болсын, отанынан ырыс кетпесін дегеніміз, - деді Нұрлан Ноғаев.
Тұсау кесу рәсімі облыс орталығында өткен Наурыз мерекесін тойлау кезінде өтті. Жиында аймақ басшысы тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, экономикалық-әлеуметтік өрлеудің жалғаса түсуі үшін атыраулықтарды бір болып еңбек етуге шақырды.
Орталық алаңда болған театрландырылған концертте сахна төрінен Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедовтер, Қазтуған жырау, Исатай мен Махамбет батырлар, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, ел үшін қызмет еткен басқа да тарихи тұлғалар қала тұрғындарын жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Мереке Асанова