ATPress.kz 1 наурыз. Бүгін, 1 наурыз, Алғыс айту күніне орай Құрманғазы атындағы мəдениет сарайында мерекелік шара ұйымдастырылды. Концерттік бағдарлама барысында түрлі ұлт өкілдері бейбіт елде тұрып жатырғандығын мақтан етіп, өнерлерін ортаға салды.
Облыс тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтаған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев бүгінде Атырау облысында тоқсан түрлі ұлт өкілдері мекен ететінін жеткізді.
- Қазақ халқы ежелден жатырқауды білмейтін дархан халық. Бүгінде Атырау облысында 90 ұлт тату-тəтті өмір сүріп, əр салада облысымыздың дамуына үлес қосып келеді. Облыста олардың дəстүрінің сақталуына, бірдей білім алуына барлық жағдай жасалған. Ол мемлекет басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясатының жемісі, - деп атап өтті Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев.
- Отандастарымды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Қазақстанның дамуына бірігіп жұмыс жасау баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені, Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Мұнда әркім өз шаңырағында отбасымен бірге бірлікте күн кешіп жатыр. Бірлік – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі, - дейді Кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Лим.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі