ATPress.kz 23 ақпан. Жылдан-жылға іргесін су шайып, ауқымы тарылып бара жатқан Жайық жағалауын бекіту үшін Атырау облысы әкімдігі 1 млрд. 625 млн теңгеге жоба жасақтап, жұмыстар басталып кетті.
Жобада көне Сарайшық ауылы іргесінен ұзындығы 1,5 шақырым болатын жағалау құрылысын салу көзделген.
Атырау облысына арнайы іс-сапармен келген мəдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгін ескі Сарайшық қаласында болып, жобаның құрылыс жұмыстарымен танысты.
«Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының директоры Молдаш Бердімұратовтың айтуынша, көктем айларындағы тасқыннан ескі қаланың орынын су алып, әлі зерттелмеген жер асты қазбалары сумен шайылып кетуде.
- Қазіргі мақсатымыз Сарайшықты қалыпқа келтіріп, халықтың игілігіне беру. Жағалауды тоқтатуға қаржы бөліп, жұмыстанып жатырған облыс әкімдігіне алғысымыз зор. Жұмыс мұнымен ғана шектеліп қалмау қажет. Жағаны бекіткен соң әрі қарай археологиялық жұмыстар жүргізуді жалғастырамыз. Одан табылған қазба жұмыстарын сақтау үшін міндетті түрде реставрация жүргізу керек. Бұл жұмыстарға қолдау білдіріп, бірігіп жұмысқа кірісуге дайынбыз - деді мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Жобаның бас мердігері «Компания АИС-Астана» ЖШС. Компания өкілінің айтуынша, жағалаудың ұзындығы 1,5 шақырым, ені үш метр болады. Құрылыстың жүру мерзімі - 18 ай. 2018 жылдың сəуір айында аяқталады деп күтілуде.
Жиырма жыл бойы армандаған жүйелі жұмыстардың басталғанына тарихшылар мен археологтар да қуанышты екенін жеткізді.
- Мен осы жерде жиырма жыл бойына жүргізілген қазба жұмыстарының жетекшісі болғанмын. Бүгін мәдениет министрінің өзі келіп, жағдайды көзбен көріп, тікелей танысып жатырғаны үлкен жұмыстың қозғалғанын білдіреді, - дейді тарих ғылымының докторы Зейнола Самашев.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі