АTPress.kz. 21 сәуір. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» барысында Атырау облысындағы тіл мамандары латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен оны үйренудің тиімді жолдарын саралады.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті көптілді білім беру факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Әбдірахманова: «Ақпарат құралдарында жарияланған әр мақаланың қасына латын қарпімен жазылған нұсқасын ұсыну қажет. Бұл жүйе көпшіліктің латын әріптерін тез үйреніп, қызығушылықпен қабылдауына септігін тигізеді», - дейді.
Тіл маманының айтуынша, қазақстандықтар үшін латын әліпбиіне оралуда БАҚ-тың маңызы зор. «Біз Елбасының бұл тапсырмасын латын қарпіне көшу деп емес, түркі тілімізге оралу деп түсінуіміз қажет, - деді Ж.Әбдірахманова.
Сондай-ақ, «Қазақ тілі қоғамының» Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов латын қарпінің қазаққа жат еместігін айтты.
- Ғалымдар әліпбидің жобасын жасап, кейін халықтың талқысына ұсыну қажет. Алайда, орыс тілінде оқитын қазақ балаларына латын қарпін қалай үйретеміз? Әлде орыс және қазақ тілді оқушыларға арналған әліпбидің екі нұсқасы шығады ма? Осы әзірге күрмеулі сұрақ болып отыр. «Қазақ тілі қоғамы» латын қарпіне көшуді қолдайды, - деді Ә. Төлеуішов.
Атырау облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту, талдау және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Мәншүк Мұханбетқалиева латын графикасына көшу қоғам үшін, болашақ үшін маңызды екенін тілге тиек етті.
Маманның айтуынша, латын әліпбиіне көшу, біріншіден, тіл тазалығын сақтау үшін; екіншіден, түркі халықтарымен рухани, мәдени құндылықтарымызды бөлісіп тәжірибе алмасуға тиімді болмақ.
Сала мамандарының пікіріне тарих ғылымдарының кандидаты Болат Нығметов те үн қосты. Оның айтуынша, Қазақстанда латын қарпіне көшу мәселесі тәуелсіздік алған жылдардан бастап қозғалып келеді.
- Мәселенің қозғалуы орынды, енді жүзеге асыру керек. Бізге дейін латын әліпбиіне көшкен мемлекеттердің қателігін қайталамау қажет. Алдағы жиындарға белсенді жастарды да шақырып, олардың да пікірін білу маңызды, - деді Б.Нығметов.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі