АTPress.kz. 14 наурыз. Қазақстанда «Қазақ барысы», «Еуразия барысы» сайыстарымен қатар, Қарулы күштер де қазақ күресінің біріншіліктерін өткізіп келеді. Соның бір нәтижесі Қарулы күштердің қатарынан шыққан жауырыны кілемге тимеген «Батыс барысы» аға сержа
Кейіпкер жайында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен аға лейтенант Рустем Игисинов ақпарлады.
Нұрлан Тасқалиев бүгінде 41321 әскери бөлімінің байланыс ротасында сержант лауазымымен әскери борышын атқарып жүр. Нұрланның атағы әскери бөлімде ғана емес күллі өңірлік қолбасшылыққа мәлім болған. Бала кезінен ел қорғаны болам деген батыр жігіт, сарбаз күнінен бастап байланыс әскери бөлімінде қызмет етіп келеді. Нұрлан өзінің барлық жетістіктерін бапкерімен байланыстырады. Осы күнге дейін қазақ күресінен Қаратөбе ауданының чемпионы, Батыс Қазақстан облысы біріншіліктерінің жүлдегері, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының өзі қатысқан барлық сайыстардың жеңімпазы. 2014 жылы Қарулы күштердің қазақ күресінен өткізген біріншілігінде күміс жүлде иелеген. Осы жылы «Батыс» барысы атағымен қоса, қоян-қолтық жекпе-жегінен де жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Нұрлан Тасқалиев қазақ елі үшін күрес - ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы деп пайымдайды.
- Ата-бабаларымыз жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болған. Жас баладан бастап, еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойған. Әскери өмір сол талаптарды қазір де сақтап келеді. Сондықтан, күрестің қай түрі болса да, әскерилердің дене дайындығындағы бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі тиіс, - дейді қазақ күресінің шебері, аға сержант Нұрлан Тасқалиев.
Әскери бөлім командирі подполковник Бауыржан Жұмағұловтың айтуынша, Нұржан байланыс техникасын үздік меңгергендердің қатарында, орта қуатты станцияның шебері. Ең жауапты және күрделі тапсырмаларды тапсыруға сенімді адам.
Осындай, саусақтарынан өнер тамған, сегіз қырлы, бір сырлы жігіттеріміз ел тыныштығын қорғап жүрген кезде, мемлекетіміздің беріктігіне кәміл сенеміз, дейді қызметтестері.
Мереке Асанова