АTPress.kz. 27 наурыз. Корей тілін үйретуде жиырма алты жыл тәжірибесі бар білім беру орталығының өкілі Жансұлу Жұмағалиеваның айтуынша, ондағы үйренушілердің 66 пайызын қазақтар құрайды. Орталықтағы тағы бір артықшылық, корей тілі 25 жыл бойына тегін үйр
- Алматыдағы ширек ғасырдан астам тарихы бар Корей Республикасы жанындағы білім беру орталығында кәріс тілінен дәріс беремін. Бізде мектепке дейінгі орталықтан бастап зейнеткерлерге дейін корей тілін тегін үйренуге мүмкіндігі бар. Оқу барысы екі жарты жылдыққа бөлінген. Бір кезеңде 1200 адам білім алады. Орталықта кәріс тілін үйренушілердің 66 пайызын қазақтар құрайды. Жиырма екі пайызы кәріс, қалғаны орыс және басқа ұлт өкілдері, - дейді кәріс тілінің мұғалімі Жансұлу Жұмағалиева.
Қазақ және корей тілін үйренудің тиімділігі тақырыбымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен тәжірибелік конференцияға Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, Ассамблея мүшелері, Корей Республикасының өкілдері, тіл саласының мамандары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиында тіл мамандары өздерінің оқу орталықтарындағы тәжірибелерін ортаға салды.
Аталмыш іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен кәрістердің Қазақстандағы 80 жылдығына байланысты ұйымдастырылған.
- Қазақстандағы 80 жылдың ішінде қазақ пен корейдің философиясы бір екеніне көзіміз жетті. Басқа елдерде қоныстанып қалған кәрістер үшін Кореяда кәріс тілін меңгеруге арналған жақсы методика бар. Ол методика қазіргі кезде өзінің нәтижесін беруде. Әсіресе, жастар қызығушылық танытып отыр. Сол секілді қазақ халқы да әлемнің 44 елінде мекен етеді. Бүгінгі тәжірибелік конференцияның маңызы зор, - дейді Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанаи.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі