«ЭКСПО-2017» көрмесінің кешенді бағдарламасы әзірленді

АTPress.kz. 16 ақпан. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында елордада үш мың бес жүзге жуық мәдени және спорттық шаралар өткізіледі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан мәлімдеді.

«ЭКСПО-2017» мәдени бағдарламасы Қазақстанның көпұлтты халқының мәдениеті мен өнерінің жетістіктерін кеңінен және жан-жақты таныстыруды көздейді. Департамент директорының айтуынша, «Қазанат» ипподромының аймағында 2500 шаршы метр ауданда орналасатын «Этноауыл» этномәдени кешені қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін көрсетеді. 

- Этноауыл келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және дәстүрлерімен таныстырып, келген қонақтың әрқайсысына көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасын сезінуге мүмкіндік береді, - деді Алмаз Нұразхан. 

ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы мәдени-ойын-сауық шаралардың ақпараттарын expo2017culture.kz ресми сайты қамтамасыз етеді. Аталған веб-портал қазақ, орыс және ағылшын тілінде қызмет етеді. Портал арқылы қажетті шаралардың билеттерін де сатып алуға мүмкіндік жасалған.  

 

Нұрбейбіт Нұғыманов