ЕХРО қонақтары Бейбарыс сұлтанның заманымен қауышты

ATPress.kz. 16 маусым. «ЕХРО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Мысырдан арнайы әкелінген «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрмеге Бейбарыс сұлтанның өмірі мен ел билеу тарихын баяндайтын Ислам өнері музейі (Каир қаласы, Мысыр) жинағынан жәдігерлер қойылды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Бейбарыс сұлтан (1223 немесе 1225-1277)  Қара теңізден солтүстікке қарай «Дешті Қыпшақта» (Қыпшақтар даласы)  дүниеге келген. XIV ғасырдағы Мысыр тарихшысы әл-Айни өзінің  «Икду аль-джуман фи тарих ахл аль-азман» («Уақыт тұрғындары туралы інжу алқасы») еңбегінде Бейбарыс бин Абдулланың қыпшақ нәсілінен екендігі туралы жазған. Ән-Нувайридың мәліметтері бойынша, Бейбарыс түркі жұртынан, қыпшақтың Елбөрілі тайпасынан шыққан. 

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы

– Осы уақытқа дейін Сұлтан Бейбарыс туралы көркем фильм түсіріліп, бірнеше спектакльдер қойылды. Бірақ сұлтанның қолы тиген, өз қолтаңбасын қалдырған ерекше жәдігерлері елімізге бірінші рет әкелінді. Бұл – баршамыз үшін үлкен қуаныш, қуанышымыз құтты болсын, – деді.

Сұлтан Бейбарыс тақта 17 жыл (1260-1277 жж.) отырды. Ол билік құрған жылдары Мысыр қуатты мемлекетке айналды. Арналар, кеме жасау верфтері, елдің шекараларында әскери бекіністер, Каирде сарайлар мен мешіттер салынды, қолөнері, егіншілік, ғылым, сауда, өнер салалары дамыды. 

Араб Республикасы Египет Көне істер министрлігінің ислам секторының төрағасы Альсаид Хелми Еззат Мари

– Мысырды билеген Бейбарыс – өте дана сұлтан. Ол – өзінің  батырлығымен, отансүйгіштігімен, елін, жерін қорғау арқылы әлемге танылған тұлға. Сіздер куә болып тұрған көрмеге Сұлтан Бейбарыс өмір сүрген кезеңнің түрлі заттары қойылды. Мұндағы басты жәдігер – Бейбарыстың батырлығын, сұлтандығын, ерекше ерлігін сипаттайтын, оның арыстан бейнеленген эмблемасы, - деп Бейбарыстың мөрі іспеттес арыстан таңбасы бар эмблемасын ерекше атап өтті. 

Көрме 10 тамызға дейін жалғасады. 

 

Ж. Жалғас

Суреттерді түсірген Қ. Мусин