Домбыра жасаушы шеберлер – Атырауда

АTPress.kz. 18 мамыр. Бүгін Атырау қаласында домбыра жасаушы шеберлердің «Үкілі домбыра» І аймақтық сайысы басталды. Сайысқа Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан аймаққа танымал 7 өнерпаз қатысуда.

Сайыс талабына сәйкес шеберлер Қазақстанның батыс өңірінде қалыптасқан төкпе күй тартуға арналған құрама шанақты домбыра жасап келуі қажет болды. Олар жасаған домбыралары арқылы көпшілік алдында күй шертіп, шеберліктеріне Айгүл Үлкенбаева бастаған күйші-домбырашылар өз бағасын беруде. Домбырашылар сайысы бүгін кешкі сағат 20:00-де Атырау облыстық Тарихи-өлкетану музейінің алдында қорытындыланып, марапатталу шарасы өтеді. Жүлделі орынға ие болған домбыралар музейдің негізгі қорына қалдырылады. 

Сайысқа Маңғыстау өңірінен келген домбыра шебері Нұржан Мұсаев домбыра жасауда 17 жыл тәжірибесі бар екенін айтты. 

- Отбасымның барлық мүшелері домбырашы. Өзіме домбыра жасау өнері ағамнан дарыған. Он бес жасымнан бастам осы өнерді жаныма серік етіп келемін. Тапсырыс берушілер де көп. Қазақтың киеліге балайтын домбырасы болғандықтан оны жоғары бағалаймын, - дейді шебер. 

Ал Орал қаласынан келген Асылан Серікбаев сайысқа қайың және үйеңкі ағашынан жасаған екі домбырасын әкелген.  

- Орал қаласында Құрманғазы атындағы саз колледжінде сәндік қолданбалы өнер және дизайн деген бөлім бар. Мен өзім сол бөлімде «Ағашты көркем өңдеу» деген мамандық бойынша студенттерге дәріс беремін. Бүгінгі сайысқа өзіммен бірге өздерінің жасаған домбырасымен екі шәкіртім қатысуда, - дейді домбырашы.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайысты Атырауда биылдан бастап үш жылда бір рет өткізіп тұру жоспарланып отыр. Шарада музей қызметкерлерін бүгінгі мерекесімен құттықтап сөз алған Атырау облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов сайыс қорытындысында нағыз шеберлердің жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов 

Сурет автордікі