Биыл 7 мәдениет үйі пайдалануға беріледі

ATPress.kz. 6 мамыр. Атырауда жыл соңына дейін жеті мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, Индер ауданындағы Бөдене, Есбол ауылдарында, Атырау қаласының іргесіндегі Ақжар, Жаңаталап, Жұмыскер және Еркінқала селолық округтерінде.

Сонымен қатар, Махамбет ауданындағы Береке ауылында мәдениет ғимаратын салу жоспарланған. Қазір жаңа нысандардың құрылысы басталып кетті.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов айтты.

Бүгінгі таңда өңірде 38 нысан күрделі жөндеуден өткен. Ал келер жылы тағы үш мәдениет үйінің іргетасы қаланады деп күтілуде. Дегенмен, әлі де жеті елдімекенге мәдениет мекемесі қажет.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру бағытында да ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, биыл көне Сарайшықты сақтап қалу үшін жаға бекіту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген. Сөйтіп, болашақта ортағасырлық қаланың екінші ғұмыры басталып, аспан асты мұражайына айналады.  

 

Айдос Қарабала  

Сурет Рахим Қойлыбаевтікі