«Бала Дауысы» ән байқауының екінші маусымы басталды

ATPress.kz. 5 мамыр. Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бірегей жобасы ұлттық «Бала Дауысы» балалар ән байқауының екінші маусымы 12 мамыр Павлодар қаласы, Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді.

Еліміздегі ең ауқымды балалар ән байқауы осы жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен  өткізілмек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының екінші маусымының басталуына арналған баспасөз конференциясында айтылды.

Байқау туралы Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмаз Нұразхан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Айсұлу Тәни айтып берді.

- Байқаудың негізгі мақсаты - біздің көпұлтты елімізде тұратын халықтардың тілдерінде, балаларға арналған жаңа әндер арқылы балалар музыкалық шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ оқытушыларға әдістемелік  көмек көрсету. «Бала дауысы» байқауының ашылуына арналған қайырымдылық концерті, 13 мамырдан  29 қазанға дейін созылатын республикалық шығармашылық марафонның бастауы болады, - дейді ұйымдастырушылар.

Әр қатысушыға естелік сыйлықтар мен жобаға қатысқаны туралы сертификаттар беріледі. Ал, музыка пәні мұғалімдеріне арнайы баларға арналған жаңа ән жинақ тапсырылады. Іріктеудің ең жарқын сәттері 2 қыркүйек пен 21 қазан аралығында байқаудың күнделіктерінде, жобаның ақпараттық серіктесі - КТК арнасының эфирінен көрсетіледі. 

Барлық 16 финалисттер арнайы сыйлықпен марапатталып, ал, ең үздік деп танылған Бала Дауысы еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға  Грант және ертегі әлемі Диснейлендке саяхат жолдамасын иеленеді. 

Толық ақпаратты www.baladauysy.kz сайтынан алуға болады.

 

Мереке Асанова