ATPress.kz. 19 мамыр. Бүгін қазақтың маңдайалды ақын-жазушылары мен зерттеушілері Махамбет Өтемісұлы жерленген Қараой мекенінде бас қосып, батыр рухына арналған республикалық шараның куəсі болды.
Басқосуда батырдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші қаламгерлер өз еңбектеріндегі тың деректерді халықпен бөлісіп, ақындар Махамбет өлеңдерін оқыды. Өнерпаздар əн əуелетіп, күйлерін шертті.
Батыр өмірдеректерін зерттеушілердің айтуынша, Қараой жерінде Махамбет рухына арналған кең көлемді шара 2003 жылдан бері екінші мəрте өткізіліп отыр.
Махамбеттің өмірін зерттеген жазушы Əнес-Сарай батырдың өмірінің соңғы 24 күні Қараойда өткендігін мəлімдеді.
- Қазақ даласында жеке бастың қамын ысырып, бостандықтың жолында жанын пида еткен тұлғалар көп. Махамбет Өтемісұлы солардың бірегейі. Алдағы уақытта Махамбеттің поэзия күні Атырауда дəстүрлі түрде ұйымдастырылып, сайыс жеңімпаздары үшін Махамбет атындағы сыйлықты тағайындағымыз келеді, - деді салтанатты шарада сөз алған Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев.
Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев Атырау облысын басқарған басшылардың барлығы да Махамбет поэзиясын насихаттауға үлес қосуда аянбағандығын жеткізді.
- Алдағы уақытта облыс əкімі Нұрлан Ноғаев Қараойдан Махамбет мазарына келуші халық үшін түлегей тектес үй тұрғызып бермек. Сонымен қатар, мазар басына 2003 жылы отырғызылған талдарды суару мəселесінде бүгінге дейін қиындықтар туындап келген. Осы бағытта аймақ басшысы ағаштарды уақытылы суарып тұру үшін арнайы көлікпен қамтамасыз еткелі отыр, - деп сүйіншіледі Қ. Жылқышиев.
Республикалық Махамбет поэзиясы күні Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы əкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн.
Нұрбейбіт Нұғыманов