Атыраулық құсбегі қасқыр алған бүркітінің сырын айтты

АTPress.kz. 21 ақпан. Атыраулық бүркітші қолындағы бүркітінің жылына бір жылқының көлемінде етпен тамақтанатынын жеткізді.

Атырауда болған саятшылардың республикалық турнирінде Арман Қошқаровтың Нарын атты бүркіті сегіз облыстан келген 20 бүркіттің арасынан бас бәйгені жеңіп алған болатын. 

- Нарынды балапан кезінде табиғаттан ұстап алғанмын. Биыл үш жасқа толады. Бүгінгі турнир оның екінші жарысы. Бұған дейін Аягөз қаласында өткен республикалық турнирде үшінші орынды қанжылаған болатын, - дейді А.Қошқаров. 

Әңгіме барысында Арман Қошқаров бүркітті баптау сырларымен де бөлісті. 

- Алдағы уақытта қосымша тағы бүркіт асырағым келеді. Бұған дейін де Нарын деген бүркітім болған. Ол Қазақстанның төрт мәрте чемпионы атанды. Он үш елден жиналған бүркітшілер арасында бірінші орынды еншіледі. Қазіргі кезде үлкен Нарынды саятшылық өнеріндегі ұстазым, әрі әкем Әбілкәкім Тұрлыбаевқа бердім. Жас бүркіттің есімін де бірінші бүркітіме ырымдап қойғанмын. Бүркіттер жылына бір жылқының салмағындай ет жейді. Аптаның бес күнінде аңға шығарып тұрмаса, шығыны өте көп. Оны пайда табу үшін емес, саятшылық үшін, жеке қызығушылығым үшін асыраймын, - дейді құсбегі.

 Нарын аңға шыққан сайын қоян, шибөрі ұсатап өзінің тамағын өзі жейді. 

- Болашақта бүркіттердің санын көбейтіп, шәкірттер тәрбиелеу жоспарымда бар. Бүгінгі жарыстың өзіне екі шәкіртім қатысқан болатын. Бір шәкіртім қаршыға салу сайысынан үшінші орынды еншілеп отыр, - деді Арман Қошқаров. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Суреттер автордікі