АTPress.kz. 16 ақпан. Атыраулық жеке кәсіпкер 3D картиналармен ауылдарды аралауды мақсат етіп отыр. Бір қызығы картиналардың барлығы кәсіпкердің өз қолынан шыққан.
Ш.Сариев атындағы өнер музейінен «3D картина» кабинеті ашылғалы келушілердің саны күн санап артуда.
- Осыған дейін Махамбет ауданында жарнама агенттігін ашып, кәсібімді бастағанмын. Заман талабына сай бизнесімді кеңейту мақсатымен мұражай бөлмелерін жалға алып жұмыс жасаудамын. Қазір екі залда жиырма 3D картина бар. Мамыр айында олардың қатарын қызықтырақ деген тағы отыз картинамен толтырамын, - дейді Махамбетен келіп кәсібін дөңгелетін отырған Орынғали Сариев.
Кәсіпкер бұл жерде жеке кәсібін жүргізіп қана қоймай келушілерге қызықты көңіл-күй сыйлайтындығын мақтан етеді. Суреттер қатарында елорданың үстімен велосипедпен ұшып бара жатқан, мультфильм кейіпкерлерімен бетпе-бет кездескендей әсер беретін картиналар бар.
- Әзірге қала тұрғындары үшін кабинаға кіру құны мың теңге. Сенбі, жексенбі күндері халық көп келеді. Алдағы уақытта арзан бағамен аудандарды да аралау жоспарымда бар, - дейді кәсіпкер.
Мереке Асанова