Атырауда елуге тарта көше жаңаша аталады

ATPress.kz. 3 қараша. Атырау қаласының Балықшы ықшам ауданындағы Абай Құнанбаев көшесі енді Қара бура әулие есімімен аталады.

Бүгін Атырау қалалық мәслихатта депутаттар ҚР-ның «Тіл туралы» Заңына сәйкес, «бір әкімшілік аумақта қайталанып тұрған көшелерге қайта атау беру туралы» қаулыны мақұлдады. 

Қазір қалада А.Құнанбаев, Д.Нұрпейісова, М.Жұмабаев, Ж.Нәжімеденов, Б.Момышұлы секілді онға жуық көше атаулары қайталанып отыр. Тарихи тұлғалардың орнына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірімізге елеулі үлес қосып, Атырау қаласының қалыптасуы мен дамуына тер төккен тұлғалардың есімдері берілмек. 

Сондай-ақ, сессия барысында қаладағы Самал, Нұрсая, Мұнайшы, Лесхоз, СМП-163 шағын аудандарындағы 50-ге тарта көшеге жаңа атау берілетіндігі айтылды. Жаңа көше атауларында Берік Қорқытов, Таумыш Жұмағалиевтердің есімдері бар. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі