Атырауда жаңа фильмнің тұсауы кесілді

АTPress.kz. 15 мамыр. Бүгін Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау облысы дін істері басқармасының тапсырысы бойынша дайындалған «Ұл» атты қысқаметражды фильмінің тұсауы кесілді.

Жат ағымның жетегіне еріп, адасқан Сәбит есімді жігіттің өмірі жайлы баяндайтын фильм Атырауда төрт айға жуық уақыт түсірілген. Оқиға желісінде намаз оқымайтын анасы мен бауырларын кәпір санап, бөлектеніп жүрген Сәбит, ақыр соңында теріс діни ағым тобына қосылып тынады. Осылайша, санасы әбден уланған ол, қаладағы ғимараттардың біріне жарылғыш зат қойғалы жатқан жерінен тұтқындалады. Жеті жыл алтын уақытын түрмеде босқа өткізіп келген азамат, надандықпен жасаған істеріне кейін өкінеді. Бірақ ол абақтыдан жазасын өтеп келгенінде анасы қайтыс болып кеткен екен. Тірісінде тілін алмай, қарсы келумен болды. Өлген соң өкінгеннен пайда бар ма?

Фильмдегі басты кейіпкер (Сәбит) Қанат Ізет бұған дейін де «Өмірзая» фильмінде белгілі рөлді сомдаған. Жиырма сегіз жасар азаматтың әртістік қабілеті де фильмнің әсерлі шығуына септігін тигізген. 

- Фильмдегі оқиға желісін ешкім ойлап шығарған жоқ. Ол өзіміздің облыста, аймақта болып жатқан оқиғалар. Жастарға аз да болса ой салатын осындай фильмдер көптеп түсірілсе, - дейді бас кейіпкердің рөлін сомдаған Қанат Ізет. 

Тұсаукесер жиынында сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев теріс ағымда жүрген азаматтарға арналған ақпараттық түсінік жұмыстары мұнымен шектелмейтіндігін атап өтті. 

- Өмірден алынған, осындай ой саларлық фильмдерді түсіру алдағы уақытта да жалғасын табады. Фильмнің дайындалуына атсалысқан барлық азаматтарға облыс әкімінің атынан алғыс білдіремін, - деді Әлібек Нәутиев. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов