ATPress.kz. 18 наурыз. Республикалық аламан айтыстарда Атырау облысының айбынын асқақтатып, көрерменнің көзайымына айналған айтыскер ақын Салауат Исақаев «Мен қашанғы жүйрігің...» атты шығармашылық кешін берді.
Шараның кең көлемде өтуіне Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалы мен облыстық мәдениет басқармасы және «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорыны мұрындық болған.
Кеш барысында айтыскер ақын, тыңдармандарын поэзия өлеңдерімен сусындатып көрерменнің ықыласына бөленді. Сахнадағы ізбасарлары атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен маңғыстаулық Нұрлан Мұсаев ақынның құрметіне әдемі айтыс жасап, кештің көркін қыздырды. Өнердегі үзеңгілестері Мэлс Қосымбаев, Жәкен Омаров, Бауыржан Халиолла, Нұрлан Мұсаев, Асқар Көшеров секілді сахна саңлақтары республикадан арнайы ат артып келіп, ізгі тілектерін жеткізді. Атыраулық айтыс ақындарының ардагерлері Жәниба Қарасаева, Мұтиғолла Ғайни секілді сөз саңлақтары да осы кештің құрметті қонағы атанып, шараны айтыскер ақын, Саадат Нұрманов тізгіндеді.
Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиевтің айтуынша, кеш Салауаттың сахнаға шыққанына отыз жыл толуына орай, айтыскерлерді кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өткізіліп отыр.
- Жыр дүлділдері туған Атыраудан Салауат сияқты саңлақтардың шықпауы мүмкін емес. Қазір облыста отызға тарта айтыскер ақын бар. Өздеріңіз білетіндей домбырашылардың, жеке әншілердің, эстрада әншілерінің де шығармашылық кештері өтіп жатады. Бірақ, бірде-бір айтыскердің шығармашылық кеші мұндай кең көлемде өткен емес. Бұл айтыс өнерінің кенже қалуына әсер еттеді, - деді Қойшығұл Жылқышиев.
Кеш барысында ақынның иығына шапан жауып, Жылыой ауданы әкімі атынан «Алғыс хат» сый жоралғы табыс етілді.
- Өнерімді бағалап, қолпаштап келген барлық жерлестеріме рахмет.
Мен қалай өз-өзіме баға берем,
Қазына, өле-өлгенше ағады өлең.
Інілерге ағалық айтқаныммен
Халқым үшін бала боп қала берем, - деп жерлестеріне деген ризашылығын өлеңмен жеткізді ақын.
Нұрбейбіт Нұғыманов