АTPress.kz. 28 наурыз. Астанада «Сахнагер-2017» Ұлттық театр сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтеді.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Брифингте халық әртісі Асанәлі Әшімов «Сахнагер» сыйлығының мәні мен маңызына кеңірек тоқталып өтті.
- Бүгінде қазақ театрларының даму ауқымын кеңейту, әлемдік театр құрылымдарымен байланыстарды нығайту, жер-жүзінің театр картасында өз орнымызды айқындап, үнімізді лайықты естіртуге атсалысу өнерге жанашыр әрқайсымызға міндет. Осыған байланысты Қазақстан театрлары ассоциациясының бастамасымен «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы тағайындалып отыр. Бұл сыйлық театр дәстүрін сақтау мен нығайтуға арналған. Марапаттау рәсімі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен өтеді, - деді А.Әшімов.
Кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті болып, Қазақстан мен КСРО Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтар лауреаты, Ресей Федерациясының «М. Ломоносов» орденінің кавалері, «Отан», «Достық» ордендерінің кавалері Асанәлі Әшімов тағайындалғаны барлық өнер сүйер қауымға мақтаныш екенін, биыл қауымдастықтың «Сахнагер-2017» сыйлығын тағайындағаны болашағынан үміт күттіретін жастар үшін қызығы мен қиындығы көп өнер жолында өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік болатынын атап өтті.
- «Сахнагер» сыйлығы «Жылдың үздік режиссері», «Жылдың үздік қоюшы-суретшісі», «Жылдың костюм бойынша үздік суретшісі», «Жылдың жарық бойынша үздік суретшісі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер рөлі», «Жылдың үздік спектаклі», «Жылдың үздік балаларға арналған спектаклі», «Жылдың үздік драматургы», «Жылдың үздік гримері», «Жылдың үздік театр сыншысы», «Спектакльдің үздік музыкалық рәсімделуі», «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Жыл ашуы», «Үздік опера және балет партиясы» номинациясында үздіктерге тапсырылады. Биыл іріктеу турына Қазақстанның 52 театр ұжымы қатысты, – деді Меруерт Өтекешова.
Мереке Асанова