Академик хан сарайын Сарайшықтан салуды ұсынды / ВИДЕО

АTPress.kz. 24 ақпан. Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім мәдениет және спорт министрінің алдында хан ордалы Сарайшық ауылынан Қасым ханның басын көтеріп, ел-жұрт баратын туристік мекенге айналдыруды ұсынды.

Академик өз сөзінде Сарайшық атауын қайтадан тірілтіп, ол жерге туристерді тарту үшін тархымыздағы хан сарайын салса да артық етпейтінін айтты. Атырау облысы әкімдігінде өткен жиында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев және еліміздің тарихшы, археологтары мен жазушылары Сарайшықты қайта жандандыру мақсатында пікірлерін білдірді. Қазіргі таңда көне Сарайшық қалашығын қалыпқа келтіруге облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыстар басталып та кетті. 

Сенат депутаты Сәрсенбай Енсегенов

- Сарайшық ауылындағы Жайық жағалауын бекітуге бөлінген қаржы аз ақша емес. Алайда, ел үшін маңызды шара болғандықтан, атқарылар жұмыстар да ауқымды. Алдағы уақытта бөлінген қаржы көлемі аздық етіп жатырса, парламент, сенат тарапынан қосымша қаржы қарауды қолдауға дайынбыз, - дейді. 

Тарих ғылымының докторы Бүркіт Аяған

- Сарайшықтан бұрынғы ескі қаланың типіне келтіріп этноқалашық салу қажет. Сарайшық туралы фильмдер түсіріп жас ұрпаққа насихаттаса, бай тарихымыздың келешекке сақталуына кепіл болмақ, - дейді. 

Ал, профессор Берекет Кәрібаев Сарайшықты көріп, көңілі құлазығанын жеткізді. 

- Аяқ астындағы құндылықтарды елемей жүргенімізде көбін су шайып кетті. Қалған жеріне ауылдың адамдары бейіт салып қойған. Енді ол жерде болашаққа Сарайшық деп көрсететін ештеңе қалмаған сияқты. Кешегі, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың жасампаз істері арасында сабақтастық болғанда ғана біз «Мәңгілік ел» бола аламыз, - деді тарих ғылымдарының докторы. 

Археолог Зейнолла Самаштың айтуынша, Сарайшықта археологиялық қазба жұмыстары ең алғаш 1937 жылы басталған. 

- Қазіргі мақсат Сарайшық қалашығы маңындағы жердің бәрін заңдастыру қажет. Байқағаным 1989 жылдан бері 60 метр жерді су шайып кеткен. Құрылыс жүріп жатқан кезде мәдени қабаттардың сақталуына мән беру қажет. Сондай-ақ, екінші мәселе, қазір Сарайшықта жұмыс жасап тұрған музей-қорығы туристерді тартуға сай келмейді. Жаңа жобасын жасап, он есе үлкейтуді қажет етеді, - деді З.Самаш. Бұл ұсынысты тарих ғылымының докторы Карл Байпақов та қолдады. 

Жазушы Мереке Құлкеновтың пікірінше, Сарайшықтың жәдігерлерін Жайықтың суы ғана шайып жатқан жоқ. Тарихқа жаны ауырмайтын, бірақ ақшаны жақсы көретін адамдардың ықпалымен кейбір тарихтарымыз шайылып кетуде. 

- Сарайшық көздің жасына емес, көздің құртына айналуы керек. Біздің тарихымыздың көбі аңыз секілді айтылады. Нақты дерек жоқ. Кімге болса да көзге шұқып, дәлдеп айтатын біраз тарихымыз болу керек. Біздің сынымыз бүгін министр мен әкімнің құлағына жетті. Айтылған ұсыныстар шешімін табады деген ойдамын, - деді Мереке Құлкенов.

Өз кезегінде сөз алған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев көтерілген мәселелер жиналыс ретінде қалып қоймайтынын айтып, мәдени мұраны дамыту мақсатында облыстан ескі қаланың құрылысын салу да жоспарда бар екенін жеткізді. 

Қазақстанда ең алғаш рет ашық археологиялық музей Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Тараз қаласында салынған. 

- Бүгінде аталған музей бүкіл әлемге танылды. Сарайшықты да қайта жандандыруға облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Алдағы уақытта археология, реставрация жасау жұмыстарына министрліктен қолдау білдіруге дайынбыз, - деді мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет, видео автордікі