ATPress.kz. 13 қыркүйек. Елімізде бензин бағасының өсуі мұнай өңдеу зауыттарының уақытша тоқтауына байланысты болып отыр. Себебі, аталған зауыттар өндірмейтін көлемді Ресейден алуға тура келеді.
Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрлік өкілінің айтуынша, республикадағы мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы жөндеу жұмыстары бензин бағасының өсуіне ықпал еткен. «Кестеге сәйкес зауыт жылына бір рет тоқтатылады және дәл қазіргі уақытта Атырау зауыты тамыз айынан бастап 18 қыркүйекке дейін 1 ай жөндеуге тоқтатылды. 20 қыркүйектен бастап 25 қазанға дейін Павлодар зауыты тоқтайды. Аталған зауыттар өндірмейтін көлемді біз Ресейден аламыз. Ал, шекарадағы баға РФ-ның экспорттық батыс бағытымен бәсекелес болуы қажет», - дейді ол.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ресеймен шекарада дизель отынының 1 тоннасы 501, бензиннің 1 тоннасы 525 АҚШ долларын құрап отыр. «Мұның барлығы жанармай құю стансасындағы импортталған ресейлік бензиннің бағасына ықпал етеді. Ол қазақстандық бензиннен біршама жоғары. Әдетте жанармай құю стансаларындағы бензиннің 70 пайызы отандық, ал 30 пайызы ресейлік болып келеді және осы теңгерімнен орташа баға шығатын. Қазіргі уақытта ресейлік жанармайдың үлесі артып, орташа баға да біршама өсті. Дегенмен, бұл ауытқу маусымдық сипатқа ие. Ол сұраныстың артуымен және зауыттардың тоқтауына байланысты ұсыныстың шектелуімен байланысты. Қазан айының соңында теңгерім түзеліп, баға тұрақталады деп ойлаймыз», - деді Қуаныш Құдайбергенов.
Айқара Ғұмар
Фото alau.kz сайтынан алынған