«Bastau Бизнес» бағдарламасы – кәсіпкерлікке үйрететін бірегей жоба

ATPress.kz. 17 мамыр. Атырауда «Bastau Бизнес» бағдарламасы жүзеге асады. Осыған дейін Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында пилоттық жоба ретінде енгізілген бастама кәсіпкерлікке кең жол ашуды көздейді.

Бұл туралы Атырауға келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиуымының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді. Бизнес өкілдері бас қосқан жиында «Bastau Бизнес» бағдарламасының тиімділігі сөз болды. Пилоттық жоба биыл өңірдегі 80 ауыл-аймақты қамтиды. Бизнес-жоба құрудан бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін оқуға 15 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланған. Оны жүзеге асыруға бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге бөлінеді. 

Ал облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиевтің айтуынша, бүгінде монополист мекемелер тарапынан жергілікті кәсіпкерлерге кедергі көбейген. Мәселен, өткен жылы бизнес өкілдерінен 198 өтініш түсіп, оның 96 оң шешімін тапқан. Нәтижесінде, іскер азаматтар үшін 1 млрд 460 млн астам қаражат үнемделген.

Жалпы, Атырау облысы бойынша биыл кәсіпкерлікті қолдауға 300 млн теңге бөлінеді. «Сонымен қатар, «Даму» қоры арқылы тағы 250 миллион теңге қарастырамыз», - деді Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев.

Жиын барысында атыраулық іскер азаматтар болашақта кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашудың маңыздылығына тоқталды.

 

Айдос Қарабала