Әзірбайжан кәсіпкерлері Атыраудың экспорттық потенциалын зерттеп жатыр

АTPress.kz. 18 мамыр. Бүгін Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасының Өкілетті және Төтенше Елшісі Рашад Маммадовты қабылдады.

Кездесуде қос тарап мұнайлы өңір мен Әзірбайжан елі арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды талқылады.

- Біздің алдымызда, әлбетте, бірінші кезекте аймаққа инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру, қос тарап арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселесі тұр. Сондықтан, сіздерді әріптестікті нығайта түсуге шақырамын, – деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетелік, статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, Атырауда Әзірбайжан капиталы бар 42 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде металл өңдеумен, дәрігерлік қызмет көрсетумен, дайын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын компаниялар бар. Қос тарап арасындағы тауар айналымы биыл алғашқы төрт айда 1,8 миллион АҚШ долларын құраған. Атырау облысы Әзірбайжанға негізінен тұщы суда мекендейтін балық, күкірті бар газойл мен мазут, газ құбырлары және басқа да өнімдерді сатады.

- Біз аймақтың экономикалық потенциалын зерделеп, бірігіп жұмыс істеу үшін Атырауға ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерін әкеліп жатырмыз. Бұл сапарымызда аймақтың экспорттық потенциалын зерттесек дейміз, – деді елші.

Облыста қазір жалпы аумағы 210 гектар индустриалды аймақ құрылып жатыр. Инвесторларға жағдай жасау үшін инфрақұрылымды мемлекет жүргізіп береді. Аймақта әлемдік стандарттарға сай өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру жоспарланған. 

 

Мереке Асанова