ATPress.kz. 1 ақпан. Атыраулық жас кәсіпкер «Өз кәсібіңді құр» бизнес-идеялар байқауының финалына өтті.
Әзілхан Байбатыров ұсынып отырған жобаның ерекшелігі сол – идея пластикті жинау жəне қайта өңдеу арқылы құрылыс материалын алуды көздейді. Осылайша, Əзілхан Байбатыровтың жобасы үш мың үміткердің арасынан үздік 25 бизнес-идеялардың қатарына ілікті.
Атырау облысының өңірлік коммуникация қызметінің хабарлауынша, бүгін, яғни, 1 ақпанда Əзілхан Байбатыров финалдық сұхбатқа қатысты. Нақты нəтижесі екі аптадан кейін белгілі болады. Жеңімпаз 100 мың доллар көлеміндегі сыйақыны иеленеді.
Қазіргі кезде жас кәсіпкер Атырау қаласында пластикалық қалдықтарды жинауға арналған 300 контейнер орнатып, пластикалық қалдықтарды жеке жинауға 30 компаниямен келісім-шарт жасасты. Осы уақыт ішінде 100 тонна пластик және 120 тонна қалдық жиналды. Пластикті өңдеуге арналған жабдық сатып алынса, айына 1,5 мың шаршы метрлік жаяу жол плитасы мен жабынқыш өндіру цехын іске қосуға болады.
Айта кетелік, «Өз бизнесіңді құр» жобасы «Сәби» қорының қолдауымен Қазақстанда осымен бесінші рет өткізілуде. Осы уақыт ішінде ондаған жас кəсіпкерлер өзінің идеяларын жүзеге асырды. Атыраулық жас кəсіпкер үшін бұл байқаудың алғашқысы емес. Осыдан екі жыл бұрын кəсіпкерлік бастауында ол «Atyrau Innovations» компаниясының ұйымдастыруымен инновациялық бизнес-идеялар жобасына қатысып, 300 мың теңгені иемденген еді.
Бек Әзберген