ATPress.kz. 12 ақпан. Махамбет ауданына жұмыс сапары аясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кәсіпкерлік пен әлеуметтік саладағы нысандарды аралады.
Аталған нысандардың арасында Талдыкөл селосында салынып жатқан 160 орындық балабақша құрылысы бар. Нысан құрылысы биыл маусым айында аяқталады. Алаңда 50 адам жұмыс істеп жатыр, нысан магистралды газ, су желілеріне қосылған. «Балабақша іске қосылған кезде жақын маңдағы елдімекендердің мектепке дейінгі жастағы балалары балабақшамен толық қамтылады», - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сапар барысында Нұрлан Ноғаев Ақтоғай селосында салынып жатқан 200 орындық мәдениет үйі және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» автожолының бөлігі болатын Жайық өзені үстіндегі көпір өткелі құрылысының барысымен де танысты.
Айта кеткен жөн, Махамбет ауданы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда көш бастап келе жатқан өңір. «Кооперативтер құру дамуымызға серпін береді, өндірістің барлық кезеңін қамтуға, субсидия мен жеңілдіктер алуға жол ашылады», - дейді «Бақсай» кооперативінің басшысы Жолдас Бегалиев.
Осы ретте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ветеринарларға мал сою цехтарының биологиялық қалдықтарын өркениетті түрде жойып, процесті санитарлық нормаларға сәйкестендіруге шақырды.
Бек Әзберген