ATPress.kz. 3 ақпан. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Исатай ауданына жұмыс сапарымен барды. Ауданға қарасты бірнеше елдімекенде болып, әлеуметтік, өндірістік нысандардың құрылыстарымен танысқан әкімге жергілікті билік атқарылып жатқан жұмыстар туралы
Мәселен, ауданда болашақта Каспий теңізінің жағалауынан балалар ойын-сауықтыру лагері салынады деген жоспар бар. 500 орындық нысанның қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мәселесі де оңтайлы шешілуде. Осы бағытта облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жасқайрат, Қызыл үй елдімекендеріндегі су құбыры құрылысын тексерді.
Аймақ басшысы жұмыс сапары аясында әлеуметтік-эконмикалық маңызы зор нысандардың бірі - балық өнімдерін шығаратын цех жұмысымен де танысты. Мұнда балық аулаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістің толық кезеңін іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда қажетті жабдықтар орнатылуда. Цех өндіріс жұмысын алдағы сәуір айында бастайды. «Біз балықтың барлық түрінің етін, тартылған етті, кептірілген, қақталған балықты шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұнда жергілікті тұрғындардан 80 адам жұмысқа тартылады. Алға қарай өнімдерімізді Еуропаға экспортқа шығару жоспарда бар», - дейді цех директоры Абдолхасан Ұғыбай.
Сондай ақ, Нұрлан Ноғаев ауысымына 400 кг макарон өнімдерін шығаратын цехқа да барды. Жақында ашылған цех директоры Зайыпхан Наурызбаев бастапқыда макарон өнімінің екі түрін шығарғандығын, қазіргі таңда өнім ассортименті санының жетіге дейін жеткенін айтты.
Айта кетелік, сапар аясында облыс басшысы Аққыстау селосында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының барысымен де танысты. Жоспар бойынша нысан сәуір айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Және осындай спорт кешендері Исатай ауданына қарасты төрт бірдей ауылда салынады деген де ақпарат бар.
Бек Әзберген