Тәулігіне 70 мың текше метр кәріз суын қабылдай алады

Сол жағалаудағы кәріз тазарту құрылысының қуаты тәулігіне 70000 текше метр кәріз суын тазалауға дейін жетеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта тәулігіне 15000 текше метр кәріз суын қабылдап отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Биыл екінші жыл қатарынан осындағы биотоғанға қоқиқаздар ұшып келді. Мамандардың айуынша, бұл - өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсарғанын білдіреді.

Осыдан үш ай бұрын келген қоқиқаздар қыркүйек айының аяғы мен қазан айының басында балапандарымен бірге жылы жаққа қарай ұшып кетеді.

Қаланың сол жағалауындағы кәріз тазарту құрылысы ғимаратының құрамына кәріз жүйесі, ағынды суларды тазарту қондырғылары, биологиялық тоғандар мен булану алаңдары, сондай-ақ тазартылған және өңделмеген ағын суларды тазарту кіреді.

Аталған нысан қаланың экологиялық жағдайын тазартуға септігін тигізеді.

- Қаланың сол жағалауындағы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сарқынды сулары №33, 10, 14, 17 кәріз сорғы станциялары арқылы бас кәріз сорғы станциясына келіп құяды. Құйылған су диаметрі 800 мм болатын екі коллектор арқылы сол жағалаудағы кәріз тазарту құрылысының қабылдау камерасына жіберіледі. Одан әрі механикалық тазалаудан өтіп, биологиялық тазартуға кетеді, - деді Атырау қаласының сол жақ бөлігіндегі кәріздік-тазарту нысанының бас технологы Б.Ахметұлы.

Бас технологтың айтуынша, аталған процестерден кейін кәріз сулары ультракүлгін лампалары арқылы залалсыздандырылады. Тазаланып шыққан техникалық су сорғы станциясы арқылы 800 метр қашықтықта тұрған био тоғанға, одан соң булану алаңына жіберіледі.

Бұл жұмыстарды Атырау облысы Су арнасы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны атқаруда.