Атыраулық экологтар 12 млрд теңге айыппұл өндірді

Атырау облысы бойынша Экология департаменті ҚР экологиялық заңнамаларын сақтау бойынша 19 тексеру жүргізген. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған 41 факті анықталып, оларға қатысты 98 әкімшілік іс қозғалған. Бұл туралы экология департаменті басшысының м. а. Ерлан Есенов баспасөз мәслихатында мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биыл «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «North Caspian Operating Company N.V» филиалына және «Каспий нефть» АҚ тексерілген

- «North Caspian Operating Company N.V» филиалына жүргізілген бақылау барысында ҚР табиғатты экологиялық қорғау заңнамасын бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары толық көлемде және уақытылы орындалмаған, сондай-ақ сарқынды сулар тазартусыз ағызылып, нормадан тыс қолданылған. Бұдан бөлек, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптар орындалмаған. Осы сынды бұзушылықтардан НКОК компаниясына 12 млрд теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта аталған қаражат толық өндіріліп, мемлекетке қайтарылды, - деді Е.Есенов.

Аталған мекемеден бөлек «АМӨЗ» ЖШС мен «Каспий нефть» АҚ-да заң бұзушылықтар анықталып, соған сәйкес айыппұлдар салынған.