Атырауда үлкен экологиялық апат орын алуы мүмкін...

Жайық пен Қиғаш өзендерінде болашақта мүлде су қалмауы мүмкін, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазір «қара алтын» арқасында мұнайлы астана атанып отырған Атырау өлкесі бұрын балық шаруашылығымен бүкіл елді асырады. Бұны бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін... Ендеше, халыққа нәсіп болған байырғы кәсіптің бүгінгі тынысы қалай? Шешімін күткен мәселелер бар ма? Теңіз түбінен маржан терген балықшыларды не алаңдатады? Талайды тамсандырған бекіренің бел кеспесі мен «қара уылдырығын» дастарханға қайта оралтуға мүмкіндік бар ма, жоқ па? Міне, осы және өзге сауалдардың жауабын білу үшін біз Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлымен сұхбаттасқан едік.

– Артур Сәдібекұлы, алдымен, балық шаруашылығындағы қордаланған мәселелер туралы айтсаңыз...

– Бүгінде бәріңізге белгілі, Жайық пен Қиғаш өзендерінің су деңгейі төмендеп отыр. Қазір қос өзеннің Каспий теңізіне құяр сағасы таяздап қалды. Су тереңдігі небәрі 30-40 сантиметрді құрайды. Бұл өз кезегінде бірақтар қиындықтар тудыруда.

– Бұл қандай қиындықтар?

– Атап айтар болсам, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіндегі Жағалау күзетінің кемелері, Солтүстік Қашаған жедел құтқару экипажының (СКЭБР) құтқару кемелері, облыстағы 19 балық шаруашылығы кәсіпорындарының кемелері теңізге бұрынғыдай емін-еркін кіріп-шыға алмай отыр.

– Енді не істеу керек?

– Тез арада Жайық пен Қиғаш өзендерінің Каспий теңізіне құяр тұсында түп тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл – кезек күттірмейтін күрделі мәселе. Егер оны дер кезінде қолға алмаса, үлкен экологиялық апат орын алуы мүмкін. Себебі, аталған өзендер мен Каспий теңізінің арасы үзіліп қалады. 

Фото: ашық дереккөз