Атырау облысында алқаптар мен жайылымдарды шегірткеден өңдеу бойынша дайындық штабы өңделетін жер көлемін анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, шегірткенің көбеюіне циклдік заңдылық әсер етеді, яғни жаппай көбеюдің шарықтау кезеңі әр 10–12 жыл сайын қайталанады. Әзірге бұл кезеңге жеткен жоқпыз.
Алайда, атыраулық фитосанитарлар зиянкестердің көбеюін күтпей, олардың көзін дәл қазір жоюға кірісіп жатыр. Жалпы, 65,1 мың гектар аумаққа пестицид себу жоспарланған. Оның ішінде 49 мың гектар жер азиялық шегірткеден қорғалады, бұл негізінен Құрманғазы, Исатай аудандарындағы және Атырау қаласындағы құрғақшылық аймақтар.
Жалпы 16,1 мың гектар алқап Алматы облысынан келген "AviaSila" ЖШС-нің жеңіл авиациясы арқылы өңделеді. Сонымен қатар, Атырау облысы бойынша фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығы зиянкестердің шоғырланған аймақтарына 11 жол талғамайтын көлік жалға алып, зертханашыларды жеткізу жұмыстарымен айналысады. Ал "Фитосанитария" РМК өңдеу шараларын дрондардың көмегімен жүзеге асырады.
Бұл туралы ҚР АШМ Мемлекеттік өсімдіктерді қорғау инспекциясы аумақтық басқармасының бөлім басшысы Әбиля Қазиева мәлімдеді.
Аман ШАМАР
Фото: pixabay