Қағаз қалдықтарын жаратудың жаңа әдісін тапты

Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде балалар қалдық қағазды кәдеге жаратып, көздің жауын алатын дүниелер жасап шығарды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Осылайша олар қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы, экологияны жақсартуға үлес қосуды жөн санап отыр. Қоқысқа тасталған қағаздарды қайта өңдеу идеясын оқушылар ұстаздарына өздері ұсынған. Осылайша қағаз қалдықтарынан түрлі канцеляриялық тауарлар жасап шығарып отыр.

Асылым Ізғали – былтырдан бері орталықта қосымша білім алып, өзін дамытып жүрген оқушылардың бірі. Қағаз қалдықтарын қайта өңдеу идеясының туындауына оқушылардың интеграцияланған «ЭкоLAB» курсында білім алуы түрткі болған.

- «ЭкоLAB» курсының түске дейінгі ауысымында 20-ға жуық оқушы білім алдық. Курста оқи жүріп, адамзаттың қоршаған ортаға күнделікті қаншама зиян келтіріп жатқанына көз жеткіздік. Осылайша «біз оқушы ретінде экологияны қалай жақсарта аламыз?» деп ойландық. Сөйтіп достарымызбен бірге қағаз қалдықтарын қайта өңдейміз деп шештік. Сосын өзіміз күнделікті білім алып жүрген JasSpace кеңістігіндегі қағаз қалдықтарын сорттап, жинап алдық. Бірінші кезеңде қағаздарды арнайы құрал көмегімен ұсақтадық. Екінші кезеңде ұсақталған қағаздарды сумен араластыра отырып, блендерде ұнтақтадық. Үшінші кезеңде ұнтақталған шикізатты ақ матаның көмегімен сүзіп алып, контейнерге кептірдік. Кептіру процесінің өзі екі-үш күн уақытты алды. Төртінші кезеңде дайын болған шикізаттан кітаптарға арналған бетбелгі, конверттер, түнгі уақытта бөлмеге  жарық беруге арналған шамды жасадық,- деді А.Ізғали.

«ЭкоLAB» курсының тренері Нұргүл Имамұратованың айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеу – қоршаған ортаны қорғауға арналған өте маңызды қадам.

- Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды екен. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 млрд тоннадай қоқыс жиналғаны айтылады. Бұл көлем қазір көбеймесе, азаймағаны белгілі. Сол қоқыстың қайта өңделетіні 2-3 пайызы ғана екен. Сондықтан қоқыс сұрыптау мәдениетін өзімізден бастамасақ, әуелі өзіміздің кейіннен келер ұрпақтың денсаулығына қатер көп. Облыс территориясында 2,5 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр. Оқушыларым осындай жоба жасау арқылы экологиялық проблемаларға қоғамның назарын аударуды мақсат етіп отыр. Қағаздарды, жалпы қалдықтарды қайта өңдеу  - қоқыс полигонына тасталатын қоқыстардың көлемін азайтады, энергияны үнемдейді. Парниктік газдардың шығынын азайтады,- деді Н.Имамұратова. 

Ерекше өнертапқыштар болашақта жобаларының көлемін ұлғайтып, үлкен дүниелерді жасауды жоспарлап отыр.