Бизнес өкілдері ғалымдармен тығыз байланыста болуға тиіс

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің отырыснда сөйлеген сөзінде елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек. Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осындай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, гранттармен қамтамасыз етілген ғылыми жобалар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет.

«Сондай-ақ ұжымдық зертханалардың әлеуеті зор. Онда әртүрлі ғалымдар мен ғылыми ұжымдар бірлесіп жұмыс істей алады. Мен ғылыми инфрақұрылымды грант арқылы қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу қажет деп санаймын. Сол арқылы алынған құрал-жабдықты пайдалану құқығы басқа да ғылыми мекемелерге берілуге тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент Мемлекеттік сатып алуға қатысты нормалар нақты жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғандығына тоқталды.

«Мұнда да қағазбастылық, бюрократия бар. Бұл жағдай ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мерзіміне және сапасына кесірін тигізеді. Мемлекеттік ғылыми мекемелерге және жоғары оқу орындарына осы жұмысты мемлекеттік сатып алу талаптарынан тыс жүргізуге мүмкіндік берілуі қажет»,-деп қосты Президент.

Президент сөзінде таяуда Ғылым мен жоғары білім саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанан атап өтті. Енді ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет.

«Әлихан Асханұлы, ғылымға көбірек инвестиция тарту үшін салық жүктемесін жеңілдету арқылы ынталандыру мүмкіндіктерін қарастырыңыз. Бізге салық саясатында, жалпы алғанда, икемді тәсілге көшу керек деп ойлаймын. Азайтуға мүмкіндік бар жерде, қорықпау керек. Түптеп келгенде, Салық кодексі осы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін қарапайым нормативтік акт болуға тиіс. Бүкіл Салық кодексін мың беттен тұратын қасиетті кітапқа айналдырмайық. Осыған келісейік»,-деді Мемлекет басшысы.

Бұл жеңілдіктер ҒЗТКЖ мен ғылыми орталықтардың дамуын қаржыландыратын кәсіпкерлерге берілуге тиіс. Мұндай тәжірибе Сингапурда, Қытайда, Оңтүстік Кореяда өз тиімділігін көрсетті. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек.

Мемлекет басшысы ғылым мен технологияның дамуына байланысты әлемде болып жатқан өзгерістерге тоқталды.

«Біз, ең алдымен, жұмыстың негізгі бағдары мен басымдықтарын айқындап алуымыз керек. Қазір әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Геосаясат, экономика және қоғамдық қатынастар бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болды. Ғылым мен технология өте қарқынды дамуда. Ғылым саласы қаржы айналымы миллиардтаған долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Технологиялық ірі корпорациялардың құны триллион долларға жетті. Нейрожелі және жасанды интеллект революциялық үдерістерге бастау болып жатыр. Соған сәйкес мүлде бөлек, жаңа өмір салты қалыптасуда. Оның пайдалы жақтарымен қатар зор қатер туғызуы мүмкін зиянды тұстары да бар. Жасанды интеллектіге байланысты, тіпті, Илон Масктің өзі алаңдаушылық білдіріп, оның дамуын әзірше тоқтату керек деп айтқан екен. Өйткені жасанды интеллект бүкіл адамзатқа үлкен қауіп төндіруі мүмкін деп ескерткен. Энергетика, медицина, био және гендік инженерия саласында іргелі жаңалықтар ашылды. Оның бәрі адамзат өміріне түбегейлі өзгерістер әкеле бастады», - деді Президент.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймай, алайда ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажетін атап өтті.

«Әлем қауымдастығы бірлесіп шешімін табуға тиіс аса күрделі мәселелер бар. Жаһандық жылыну үдерісін бәсеңдету, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және індеттің салдарын жою айрықша маңызды. Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе, өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Яғни, ғылыми дамудың соңында қалмай, осы прогресті анықтайтын мемлекеттердің қатарында болу – негізгі міндет. Бәлкім, бұл міндет тым күрделі көрінер. Бірақ біз алдымызға осындай мақсат қоюымыз керек. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті жетеді. Бұл міндеттің оңай емес екенін түсінемін. Алайда біз оны сөзсіз орындауға тырысуымыз қажет. Жалпы, біз алдымызға қол жеткізе алмайтын тым асқақ мақсаттар қоймауымыз керек, бірақ ғылыми жетістіктерге жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.