Атыраулық студенттер халықаралық шәкіртақыға ие болды

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бір топ студенті Әзірбайжан Республикасының ұлт көшбасшысы, мемлекет қайраткері Гейдар Алиев атындағы халықаралық шәкіртақыға ие болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазақстан мен Әзірбайжанды қарт Каспий бөліп тұрғанмен, білім және мәдени байланыстарымыз жылдан жылға артып келеді. Түркі дүниесінің бір бөлшегі ретінде Әзірбайжан да, Қазақстан да, Түркі әлемінің ортақ жұмыстарына белсене қатысып отыр.

Осы орайда Атырау университетінде 2012 жылдан бастап Қазақстан мен Әзірбайжан елдері арасындағы байланысты нығайту мақсатында Әзірбайжанның тарихы мен мәдениетін зерттеу орталығы жұмыс істеуде. Сол уақыттан бері стипендия дәстүрлі түрде оқу орынның үздік студенттеріне тағайындалып келеді.

Әзірбайжан Республикасының Тұңғыш Президенті Гейдар Алиевтің туған күнінің қарсаңында тағайындалатын шәкіртақыны Әзірбайжан Республикасы Бас консулдығының басшысы – Эльчин Маммедов Башир оғлы және мәдениет және білім жөніндегі кеңесші Илькин Оруджов Юсиф оғлы арнайы келіп, оқудағы және қоғамдық жұмыстағы белсенділігімен көзге түскен 5 студентке табыстады. Сондай-ақ, шараға Атырау облысы «Новруз» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльдар Ахмедов қатысып, шәкіртақы иегерлерін құттықтады.

Биылғы Гейдар Алиев атындағы шәкіртақыға ие болған студенттер тізімі:

І орын – Инновациялық білім беру факультеті студенті - Темірболатов Санжар Серікұлы;

ІІ орын – Жаратылыстану және ауылшаруашылық ғылымдар факультеті студенті - Аюпова Әсел Жақыпқызы;

ІІ орын – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті студенті - Шапошников Георгий Николаевич;

ІІІ орын – Көптілді білім беру факультеті студенті - Баймұханов Ерлан;

ІІІ орын – Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті - Қуандықова Жансезім Қайырбекқызы;