Атыраулық оқушылар технологиялық революция жасады!

Астанада NIS-тің «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүрі. Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарға арналады.

Астанада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық Зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналады.

Атыраудан дәстүрлі наурыз кездесулеріне 5 оқушы қатысты. Оның екеуі Атыраудағы NIS оқушылары болса, үшеуі облыстағы тірек мектеп – Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сафон ауылындағы Қадыр Мырза Әли атындағы орта мектептің оқушылары. Олар да бұл дәстүрлі шараны өз көздерімен көріп, тәжірибе жинап қайту мүмкіндігіне ие болды.

Атыраудағы NIS-тің 11 сынып оқушысы Расул Жолшмбеков Наурыз кездесулеріне «Қазақстандағы көпфункционалды бионикалық қол протезінің бағасын екінші реттік пластик қалдығын қолдану арқылы арзандату» жобасын алып барған болатын.

«Бұл жұмыс арқылы мен екі үлкен мәселені шешуді ұсынамын, ол күнделікті өмірде қоқысқа тасталып жатқан пластиктерді қайта өңдеп, мұқтаж жандарға арналған бионикалық қолдарға айналдыру үшін 3D басып шығару технологиясын қолдана отырып көмектесу», – дейді ол.

Ал, 9 сынып оқушысы Жанұя Жарас «Мүмкіндігі шектеулі адамдар пайдаланатын құрылғылар үшін баламалы энергия көзі» тақырыбындағы жобасын ұсынды.

Айрықша жоба нәтижесінде атыраулық оқушылар ішінде Расул Жолшмбеков 3 орын иеленді.