Атыраулық оқушылар кітап оқудың «тәтті» жолын тапты

Атыраулық оқушылар кітап оқуға қызықтыру үшін ерекше әдіс ойлап тапты. Олар өздері оқыған кітаптардың мұқабасынан айнытпай торт пісірді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыс орталығындағы «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейі оқушылары арасында «Kitap Fest – 2023» фестивалі ұйымдастырылды. Онда балалар «тәтті кітаппен» шай ішіп, өздері оқыған шығармаларды талқыға салды.

Бұл фестивальге 9-11 сынып оқушыларынан құралған 30 ұл мен қыз қатысты.

«Зияткер» мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абай Ақмұрзиевтің айтуынша, кітаптар мектеп оқушыларына оқуға ұсынылған 100 көркем шығарма ішінен таңдалып алыныпты.

- Оқушылардың таңдауы түскен кітаптардың ішінде Дулат Исабековтің "Гауhартас", Міржақып Дулатовтың "Бақытсыз Жамал", "Оян, қазақ", Джон Бойнның "Мальчик на вершине горы", Анна Гавальданың "35 кило надежды", Луиза Мэй Олкоттың "Кішкентай ханшайымдар" атты шығармалары бар, - деді А.Ақмұрзиев.

Фестиваль басталмас бұрын оқушылар алдына ала кітаптарды оқып шығуы тиіс болды. Ал іс-шара барысында балалар оқыған шығармаларын жарыса талқылады. Оған қоса, торт кітап дайындап, достарына дәм таттырды.

Нәтижесінде, жеңімпаз командалар марапатталды. Осылайша, оқушылар өз қатарластарын кітап оқуға шақырудың қызықты әрі «тәтті» жолын тауып отыр.

Айта кетейік, кітаптың құндылығын арттыратын фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылды.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА