Атырауда «JasSpace» бағдарламасы жаңа таланттарды ашуда!

Абай орталығы жанындағы «JasSpace» кеңістігі жас таланттарға STEAM бағытында білім беру арқылы ғылым жолында тың дүниелерді ашуға талпынуда, деп хабарлайды AtyrauPress

Ал ерте жастан оқушыларға мұндай мүмкіндік беріп отырған аталған кеңістік – Атыраудағы ең ірі орталық. Республика бойынша алғаш мұнайлы өлкеде қолға алынған бұл жұмысты «Шеврон» компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып отыр. «JasSpace» бағдарламасының жоба менеджері Салтанат Ноғайбаланованың айтуынша, облыста бүгінге дейін жазғы мектеп, шеберлік сағаттары және 16 курс бойынша барлығы 4420 оқушы тегін білім алды. Болашақта олардың ішінен ғылымға бет бұрып, тың жаңалықтармен әлемді бағындырар ғалымдар шығар, бәлкім?! Өйткені «STEAM» курстары өскелең ұрпақты болашаққа бастар жол екені анық. Қазірдің өзінде АҚШ-та STEAM бағытындағы білім мектеп бағдарламаларына енгізіліп жатыр. Бұл тәжірибені Қазақстан мектептерінде де бүгіннен бастап жүзеге асыру қажет-ақ.

Соңғы уақытта атыраулық оқушылардың ерекше өнертапқыштық жобалар жасап шығарып жатқаны қуантады. Абай орталығы жанындағы «JasSpace» кеңістігіндегі «STEAM» курстарының өзінде мектеп оқушыларымен жүзеге асып жатқан бастамалар аз емес. Ғылым күні аясында біз жас дарындардың еңбегін үлгі етіп, насихаттауды жөн көрдік. Жуырда оқушылар аталған кеңістікте қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологияны жақсартуға үлес қосуды қолға алды. Бір қызығы, қоқысқа тасталған қағаздарды қайта өңдеу идеясын курс қатысушылары ұстаздарына өздері ұсынған. Бастаманың туындауына балалардың интеграцияланған «ЭкоLAB» курсында білім алуы түрткі болса керек. Осылайша, олар қағаз қалдықтарынан түрлі канцеляриялық тауарлар жасап шығарып жатыр. «ЭкоLAB» курсында білім алушылардың бірі Асылым Ізғали бізге аталған жоба туралы айтып берді.

- Мен былтырдан бері аталған кеңістікте қосымша білім алып, өзімді жан-жақты дамытып жүрмін. «ЭкоLAB» курсы ашылған кезде қатты қуандым. Себебі мені экологиялық бағыт қатты қызықтырды. Курстың түске дейінгі ауысымында 20-ға жуық оқушы білім алдық. Оқи жүріп, адамзаттың қоршаған ортаға күнделікті қаншама зиян келтіріп жатқанына көз жеткіздік. Оқушы болсақ та «біз экологияны жақсартуға қалай өз үлесімізді қоса аламыз?» деп ойландық. Сөйтіп, достарымызбен бірге қағаз қалдықтарын қайта өңдейміз деп шештік. Осылайша, өзіміз күнделікті білім алып жүрген «JasSpace» кеңістігіндегі қағаз қалдықтарын сорттап, жинап алдық, – деді ол. Жас дарынның айтуынша, жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылған. «Бірінші кезеңде қағаздарды арнайы құрал көмегімен ұсақтадық. Екіншісінде ұсақталған қағаздарды сумен араластыра отырып, блендерде ұнтақтадық. Үшінші сәтте ұнтақталған шикізатты ақ матаның көмегімен сүзіп алып, контейнерге кептірдік. Кептіру процесінің өзі екі-үш күн уақытты алды. Төртінші кезеңде дайын болған шикізаттан кітаптарға арналған бетбелгі, конверттер жасап шығардық. Түнгі уақытта бөлмеге жарық беруге арналған шамды да жасадық» – дейді Асылым Ізбасарқызы. 

Қалдықтықтарды қайта өңдеудің бұл жобасы қоршаған ортаны қорғауға арналған маңызды қадам. Оқушылардың осындай жобалары арқылы көпшілік арасында қорғашан ортаны қорғау мәдениеттілігі де қалыптасады. Бұл пікірді «ЭкоLAB» курсының тренері Нұргүл Имамұратова да қолдады.

- Зерттеулерге сүйенсек, әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс тастайды. Ресми деректерде 2018 жылдың өзінде Қазақстанда 5 млрд. тоннадай қоқыс жиналғаны айтылады. Бұл көлем қазір көбеймесе, азаймағаны белгілі. Сол қоқыстың қайта өңделетіні 2-3 пайызы ғана екен. Сондықтан қоқыс сұрыптау мәдениетін өзімізден бастамасақ, әуелі өзіміздің кейіннен келер ұрпақтың денсаулығына қатер көп. Бүгінде облыс аумағында 2,5 миллион тоннадан астам қоқыс жатыр. Оқушыларым осындай жоба жасау арқылы экологиялық проблемаларға қоғамның назарын аударуды мақсат етті. Қағаздарды, жалпы қалдықтарды қайта өңдеу –полигонға тасталатын қоқыстардың көлемін азайтады, энергияны үнемдейді. Парниктік газдардың шығынын азайтады, – дейді Нұргүл Имамұратова.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ