Атырауда сегізінші сынып оқушысы өз үйінен шағын цех ашты, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атыраудағы ең ірі STEAM орталықтың өкілі Баян Жанұзақовадан білгеніміздей, жас ғалым, әрі кәсіпкердің есімі – Әбубәкір Махамбет.
"Сабақтан тыс уақытты Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде өткіземін. Осы жерде ойыма сабын жасау идеясы келді. Бұл орталықта теориядан гөрі, практикалық жұмыстарға 100 пайыз мүмкіндік беріледі. Осында "Химия" курсын оқып шықтым. Сөйтп, біздің өміріміздің өзі тұнып тұрған химия екенін түсіндім" дейді ол.
Экологиялық таза сабын жасап, сата бастаған Әбубәкір наурыздан бері 100 мың теңге табыс тапқан. Оны қайтадан кәсібіне қажетті заттарды алуға жұмсайды екен. Сабынның бағасы – 500-700 теңге.
"Қазіргі сабын ыдыста қайнату жолымен дайындалады. Мұндай әдіс өнім сапасын төмендетеді. Ал, мен сабынды әйнек ыдысқа салып, буда ұстаймын. Бұл – экологиялық жағынан тиімді әдіс. Ондай сабын аллергия тудырмайды" дейді ол.
Сабын сапасын жақсарту үшін Өскеменнен таза бал алдырып отырғанын да жасырмады жас ғалым.
"Табиғи балдың адам терісіне пайдасы өте зор. Балдан бөлек, раушан гүлінің жапырақтарын да пайдаланамын. Менің жасап жатқан сабындарым адамның терісін ылғалдандырады" дейді ол.
Осы орайда, Әбубәкір өзінің жетекші-ұстазы JasSpace кеңістігінің "Химия" курсының тренері Әсел Оңдашеваға алғысын айтады.
"Ол сабақтан қалмайды. Тіпіт, таңертеңгі және түстен кейінгі топтарға өтетін сабақтарға да үлгереді. Осынау ізденісін көріп, оған күрделі тапсырмалар беріп жүрдім. Ол алғашқы сабынын сабақ үстінде жасады" дейді шәкіртінің жұмысына дән риза ұстазы.
Жас дарынның алға қойған мақсаты да, жоспары да көп екен. Ендеше, біз де олардың ойдағыдай орындалуын тіледік.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ