Дәнекерлеуші қай өңірде болмасын сұранысқа ие мамандық. Алайда мұнайлы өңірдің тұрғыны Мира Айдаралиева былтырдан бері жұмыссыз отыр.
Мира әке жолын қуған қыз. Бір қарағанда оны қиын мамандықты игерген әйел деп ойламайсыз. Ол алғашқы еңбек жолын «АтырауНефтеМаш» ЖШС-де бастап, мұнан соң өңірге белгілі бір ірі компанияда жалғастырды. Ол 5 жыл бойы темір дәнекерлеп, ерлермен иіқ тірестіре жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 5-ші разрядты дәнекерлеуші дәрежесіне көтерілді. Бұл салада ең жоғарғы 6-шы разряд екенін айта кеткен жөн. Өкінішке қарай, былтыр жалақысын уақытылы ала алмаған соң жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
Дәнекерлеушінің айтуынша, жұмыс берушілер оған өздері секілді маман емес, әйел деп қарайды екен.
«Жұмыс сұрап барсам, әйел екенімді бетіме басып, басқа лайық жұмыс тауып алуыма кеңес береді. Бұл мамандық бойынша алғаш рет жұмысқа кірісу оңай болмады. Ер азаматтардың бірі – таңқалса, енді бірі – сенімсіздікпен қарады. Білмегенімді сұраған кезде айтқысы келмейтіндері кездесті. Бірақ бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Қызығушылығым мен осы іске деген ебімді көрген соң, білген-түйгендерін үйретті. Жұмыс берушілердің әйел деп қарауының тағы бір себебі бар: маған киім ауыстыратын, жуынатын жеке орын керек, сол жағы қиындау», - дейді Мира Айдаралиева.
Бұл мамандық қыз-келіншектер үшін оңай емес. Бір ғана дәнекерлеу аппаратының салмағы 35 келіге дейін барады. Кейіпкеріміз Worker, Esab, Lincoln дәнекерлеу аппараттарымен жұмыс істеуге машықтанған. Денсаулыққа зиян тұсын да айта кеткен жөн. Газдың иісі, от, шаң-тозаң деген секілді.
Арнайы киіммен өзін қамту да қалтаны қағады. Жұмыс беруші тек бәтеңке мен «спецовканы» ғана береді. Ал қалғанын өзі сатып алады. Дәнекерлеу киімін роба деп атайды екен. Оның орташа бағасы 65 мың теңге. Ал отқа күймейтін, төзімді түрлері 75 мың теңгеден басталады. Басы мен көзін оттан қорғайтын каскасы, көзілдірігі мен краг деп аталатын қолғабы тағы бар.
Қазір Мира жұмыссыз ретінде ресми тіркелген. Өзі қалаған мамандық бойынша «несібемді тапсам» деп отыр. Оның мамандығын жақсы көретінін түсінген өмірлік серігі 8 наурыз мерекесіне әшекей емес, дәнекерлеу аппаратын сыйға тартыпты.
«Мереке кезінде жолдасым электроқұралдар сататын дүкенге ертіп апарып, ресанта деп аталатын ең жеңіл дәнекерлеу аппаратын сыйлады. Өз ортамдағы әйелдерге «сендерге иіссу, әшекей мен гүл берсе, ал маған болгарка, дәнекерлеу аппараты мен краг сыйлайды» деп әзілдеймін», - дейді Мира Тілекқабылқызы.
М.Айдаралиева Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң «бастауыш сынып және информатика» мамандығына оқып, диплом алды. Әрі қарай тұрмыс құрды, дүниеге ұл мен қыз әкелді. Нәпақа табу үшін түрлі жұмысты істеді. Ал әкесі дүниеден өткенде «сварщиктің курсын оқимын, әке жолын қуамын» деп тас-түйін бекініп, шешім қабылдайды. Сөйтіп жүргенде анасы да қайтыс болып, бұл мақсаты біраз уақытқа дейін кідіріс табады. Ал 2018 жылы Атыраудағы Apec Petrotechnic жоғары колледжінде дәнекерлеушінің 3 айлық курсын аяқтайды. Сол жылы мамырда мамандығы бойынша жұмыс табыла кетті.
Мираның айтуынша, Атырау облысында өзінен басқа темір күйдіріп, нан тауып жүрген қыз-келіншек жоқ екен. Батыс Қазақстанда да жоқ секілді. Ал қызылордалық дәнекерлеуші Ғазиза Рысқұловамен жақсы таныс.
- Мен сварщик боламын деп ойламадым. Бір сәтте келген шешім менің өмірімді күрт өзгертті. Әттең, әкем тірі болғанда «сіздің жолыңызбен келем, әке!» деп мақтанышпен айтар едім дейді ол.
Ерлердің өзі игеруге ықылас таныта бермейтін мамандықты ұршықша иірген Мира жұмыс табылатынына сенеді. Әзірге үй тазалауға шығады, науқас адамдарды күтіп-баптауға барады. Ал жолдасы әрдайым жанынан жалау болып, қолдау көрсетеді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА