Атырауда алғаш рет Республикалық физика-математика мектебінің (РФМШ) бағдарламасы мен оқытушыларынан құралған университеталды білім ордасы ашылады. Бұл болашағын индустриямен байланыстырғысы келетін талапкерлер үшін таптырмас мүмкіндік, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мұнайлы астанадағы индустриалды университет - UTEBAYEV UNIVERSITY ашық есік күнін өткізді. Іс-шара халықаралық балалар күніне және оқу орны жанынан ашылатын «SARAYSHYQ» элиталық физика-математика мектебінің таныстырылымына арналды.
Ашық есік күнінің салтанатты ашылуы Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликованың құттықтау сөзінен басталды.
"Бүгін бәрімізге де ерекше мереке. Алғаш рет облысымызда индустияның болашақ мықты мамандарын даярлайтын мектептің тұсауы кесілгелі тұр. Жарты ғасырға жуық тарихы бар «Республикалық физика-математика мектебі» басты мақсаты Қазақстанның барлық өңірлерінен дарынды балаларды іріктеу және одан әрі дамыту, елдің зияткерлік элитасын қалыптастыру. Осы мектептің көптеген түлегі ерекше корпоративті мәдениетімен көзге түсетін беделді саясаткерлерге, болашағы зор ғалымдарға және өз саласында жаңалық ашушы іскер бизнесмендерге айналды. Міне, біздің де мақсатымыз өзіміздің өңіріміздің балаларына лайықты жоғары білім беріп, олардан ең үздік кадр даярлау. 9-11 сынып оқушылары «SAYARSHYQ» элиталық мектебін аяқтағаннан кейін университетімізге түсуге үлкен мүмкіндігі болады", - деді Г.Шакуликова.
Мерекелік іс-шараға Алматы қаласындағы «РФММ» директоры Мейірлан Мейірбек, UTEBAYEV UNIVERSITY басқарма, әкімшілік құрамы, оқытушылар мен студенттер қатысты. Ашық есік күнінде балаларға арналған концерттік нөмірлер мен сыйлықтар да болды.
Сондай-ақ іс-шара жаңа оқу жылына қабылдау комиссиясы жұмысының басталуымен де ұштасты. АтМГУ қабылдау комиссиясының төрағасы Есенгелді Арыстаналиев қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастағанын, мектеп түлектерін оқуға шақыратынын айтты.