Атыраудың 12 мыңнан астам шаршы метрі гүлмен көмкеріледі

Облыс орталығын көріктендіру шаралары аясында қала ішінде гүл егу жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Қалада «Каспийдормостострой» ЖШС-нің 32 жұмысшысы арамшөп жұлу, топырақты  қопсыту, тыңайтқыштар себу, егу және суарумен айналысып жатыр. Мәселен, Исатай мен Махамбет орталық алаңында гүл егілуі тиіс аумақтардың барлығында жұмысшылар еңбектенуде. Қажетті көшеттер де жеткізілген. 

Серіктестіктің бригадирі Людмила Зевакинаның айтуынша, гайлардия, катарантус, кәдімгі раушан мен қытай раушан гүлдері егіліп жатыр.

«Гүл екпес бұрын  топырағын ауыстырып, көң араластырдық. Мұнда көпжылдық түрлері көп. Біржылдық гүлдерді де қатар егудеміз. Өкінішке қарай, олардың біразы жұлынып, тапталып кеткен. Алаңда концерттер мен іс-шаралар жиі өтеді. Соның салдары ғой. Енді толықтыруға тура келеді.  Шешектердің түсіне де мән береміз. Сары, қызыл деп көздің жауын алатындай, кезекпен отырғызып жатырмыз. Енді маңдай термен істеген еңбегімізді бағаласа, жұлмаса екен», - дейді Л.Зевакина.

Мұнда әр жұмысшының өзіне тиесілі міндеті бар. Бірі – өсімдік егіп, суарса, енді бірі – түрлі зиянкестерге қарсы дәрі сеуіп жатыр.

Биыл «Каспийдормостострой» ЖШС  жоспар бойынша 23 қала гүлзарына  (12 мың 320 шаршы метр) гүл отырғызады. Атап айтқанда: Жеңіс саябағындағы гүлзарлар, қала әкімдігі мен облыс әкімдігінің аумағы, Сәтбаев-Құрманғазы (Меркурий) қиылысы, Сәтбаев-Құрманғазы (овал) қиылысы, Ф.Оңғарсынова ескерткіші, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің алдында, Х.Доспанова атындағы әуежай маңы, Х. Ерғалиев ескерткіші, «Балықшы» шағынауданындағы гүлзар, Құрманғазы-Сәтбаев (Ротунда), Махамбет Өтемісұлы атындағы драмтеатр маңы, Махамбет-Азаттық қиылысы (ДВ4), Салтанат сарайы, Махамбет-Баймұханов айналмасы (АХАЖ), «Алмагүл» шағынауданы, Соттар аппараты, AMANAT партиясының кеңсесі және Смағұлов -Тайманов гүлбағы.

«Біз Атыраудың қатал климатына төзімді болатын өсімдіктердің сәндік түрлерін таңдап кеңейтудеміз. Олар: гибискус, канна, гайлардия, арша, раушан гүлдерінің  «Мэджик мэйленд» және «дабл нокаут» сұрыптары. Мәселен, «дабл нокаут» аязға және ауруға төзімділігі үшін австралиялық раушан байқауының алтын медалін екі рет жеңіп алды. Ал терри раушанын екінші жыл қатарынан ектік. Ол да мол және ұзақ уақыт гүлдейді. Екі жылдан бері облыстық драма театрының алдына сән беріп отыр.  Сондай-ақ, біржылдық гүлдерден петуния, бархатцы, катарантус, цинерария, целлозия және циния сияқты сұрыптарды егеміз», - деді «Каспийдормостострой» ЖШС директорының орынбасары Леонид Задерный.           

Айта кетейік, серіктестік көпжылдық гүлдерді егу арқылы уақыт пен қаражатты үнемдейді. Ал үнемделген қаражатқа көгалдандыру алаңдары ұлғайтылады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА