Атыраудағы № 41 мектепке Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді

Самал ықшам ауданында орналасқан «№41 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекет хатшысы, Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Оқушылар мен мектеп ұжымы білім ордасына халық жазушысының аты берілгеніне риза. Іс-шараға қала әкімдігі, білім беру, мәдениет басқармасының қызметкерлері, тіл жанашырлары мен ата-аналар, оқушылар қатысты.

Атырау қаласының әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов жас буынның білімі мен тәрбиесін қатар қалыптастыратын білім мекемесінің ерекше тұлғалардың есімімен аталуы игілікті іс екенін атап өтті.

- Әбіш Кекілбаев киелі де, маңғаз Маңғыстау облысында дүниеге келгенімен, тек қана Батыс өңірінің белгілі де, беделді азаматы ғана емес, бүкіл қазақтың рухын көтерген, мақтанышы болған жазушы. Әрі үлкен саяси додада кең жүрегімен, дархан мінезімен сөздің қадірін, қасиетін білетін сөз майталманы. Оны ұлттық рухымыздың көтерілуіне ерекше әсер еткен тарихи тұлғамыз деп білеміз. Бүгінгі күні оның көптеген повестері мен романдарды біздің жастарымыздың рухани азығы болмақ. Осы мектепте оқитын балаларымызи ертеңгі күні  Әбіш атамыздай мемлекетіне адал қызмет ететін қоғамның белсенді азаматтары өседі деген сенімдемін. Бүгінгі шарамыз біз үшін маңызды. Елдің игілігі үшін атқарған қызметі осы болашақ мектептің түлектеріне жүғысты болсын дегім келеді, - деді Н.Ермұханов.

Қазір 800-ден астам оқушы білім алып жатқан мектепте келер жылы жоспар бойынша «Әбіштану оқулары» мен осы бағытта қосымша сабақ жүргізіледі деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, Әбіш Кекілбайұлы - Қазақстанның заманауи мәдениетінде ерекше орын алады. Оның шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылды. Ол жазушы ғана емес, мемлекеттің қалыптасуына, нығаюына, халықтың бірлігін дамыту бағытында көп іс жасаған саяси қайраткер.