Атырауда сот ғимаратын жөндеуге бөлінген 2 млрд теңгеге жуық ақша жетпей қалған


Атырауда қазынадан қыруар қаржы бөлінген сот ғимаратының құрылысы орта жолда қалды. Мердігерге әкімдіктің қарастырған ақшасы жетпей қалған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Нысанның құрылысы 2022 жылдың жаз айында басталған. Қолданысқа биылғы наурызда берілуі тиіс еді. Әкімдік бюджеттен 1 млрд 800 млн теңге бөлген. Алайда жұмыс басталмай жатып, орта жолда тоқтап қалды. Жауаптылар мемлекеттен қаралған ақша ғимаратты аяқтауға жетпейтінін айтады.

Қазір құрылыс жұмыстары толығымен тоқтап тұр. Себебі оны тапсыруға қаржы жетпейді. Өздеріңізге белгісі соңғы уақытта құрылыс материалдары қымбаттады. Оның құны өткен жылмен салыстырғанда 50% өскен. Сол себепті қазір біз жоба құнын қайта есептеп жатырмыз. Соның бәрі реттелген уақытта құрылыс қайта жанданады, - дейді Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Айдарбек Зиноллаев.

6 қабатты ғимарат құрылысына жауапты «БатысАльянСтрой» компаниясы. Техникалық қадағалаушы «НұрӘлемҚұрылыс» серіктестігі. Қазірге дейін бөлінген ақшаның 480 млн теңгесі игерілген.

Алдағы қыркүйектен бастап елде «Отбасы соты» енгізіледі. Салынып жатқан нысан осы бағыттағы қажеттілікке сай әзір тұруы тиіс. Алайда дер кезінде қолданысқа берілген жоқ. Қазір еш тапшылық болмаса да, ювеналды сот мамандары жақында жаңа ғимаратқа көшуден үмітті.

Биылғы өзгерістерге сәйкес, наурыз айында Атырау облыстық сотымен арнайы комиссия құрылды. Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үш штаттық бірліктен тұрады, енді соттылығы ұлғаюына байланысты, оған қатысты тағы 2 штат, яғни Атырау қалалық сотынан 2 вакансия беріліп жатыр. Психолог міндетті түрде болу керек және қамқоршылық функцияларды жүзеге асыратын өкілетті орган қатысуы керек, сонымен қатар балаларға қатысты медиаторлар, психологтар қатысатын болғандықтан, бірінші қабатта барлық жағдай жасалған.Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Отбасы сотының жұмысына Атырау облыстық соты дайын деп айта аламын. Қазір жаңа ғимаратымыз да салынып жатыр. Қажет болған жағдайда сонда көшуге де мүмкіндігіміз бар, - дейді Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанат Хабаров.

Әзірге ғимаратқа қанша қарсы қажет екендігі есептеліп жатыр. Кейін сараптама тағайындалады. Оның өзін 45 күн күту қажет болады. Оң қорытындысы шығып, бюджеттен қосымша ақша бөлінсе, жауаптылар жұмысты жандандырады. Алайда құрылыстың тағы қанша уақытқа созылары белгісіз.