Атом электр станциясы энергия тапшылығын жоя ма? Оны салған соң электр энергиясының бағасы арзандай ма? Бұл қоршаған ортаға қаншалықты қауіпсіз? Осы тектес сауалдарды біз Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының төрайымы Балжан Досмұхамбетоваға жолдадық. Көп кешікпей төмендегідей жауап алдық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
- Сіздіңше, АЭС Қазақстанға не береді?
- АЭС құрылысын қолға алуды қажет ететін фактор өте көп. Соңғы кезде өзіңіз де байқап жүрген боларсыз, жылу электр станцияларының апатты істен шығуы жиі орын алуда. Бұған себеп – құрылғылардың әбден тозуы және электр энергиясының тапшылығы. Мұндай жағдай бүгінде еліміздің қай өңірінде де болып жатыр. Мойындаймын, күн және жел энергиясының да пайдасы көп. Бірақ, олар біздің контиентті климатымыздан туындап отырған талаптарға толықтай жауап бере алмайды. Ақыр аяғында мемлекетіміз электр қуатын импорттауға мәжбүр болып отыр. Сөйтіп, көрші елдерге тәуелді болып қалуда. Бұл қуанатын жайт емес.
2023 жылы елімізде электр энергиясын импорттау 29 пайызға артып, сағатына 4,7 миллиард кВт құрады. Сатып алу құны 235,9 миллион долларға өсіп, екі-үш есеге артты. Қазір мемлекетіміз Ресей мен Қырғызстаннан электр қуатын алып, қамсыз тұтынып отыр. Ақыры, электр энергиясының бағасы орташа алғанда 20 пайызға өсіп, тұрғындарға қаржылық қиындықтар туғызып жатыр.
- Сонда, АЭС тәуелісіздігімізді одан сайын нығайта түседі дейсіз ғой?
- Әлбетте солай. Егер қазірден энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз ел болып алсақ, бұл одан әрі мемлекетіміздің тұрақты дамуына, яғни, ілгері қадам басуына алып келеді. Ертең АЭС салып алсақ, тек ішкі электр энергиясының тапшылығын жойып қана қоймай, сонымен бірге, артық қалған қуатты көрші елдерге экспорттауға да мүмкіндік аламыз. Бұл дегеніңіз керемет мүмкіндік қой! Мамандардың болжамына сүйенер болсақ, 2030 жылға қарай Қазақстанынң барлық аймақтары 2,7 ГВт-ға дейін электр энергиясының базалық қуат тапшылығын сезінуі мүмкін. Ал, АЭС бұл қауіптің алдын алады. Өйткені, ол елімізді тұрақты және үздіксіз электр энергиясымен қамтуға жол ашады.
- Ғалымдар атом технологиясын басқа да мақсатта қолдануға болатынын айтуда...
- Иә, дәл солай. Атомдық технологияны өндіріс, медицина, ауыл шаруашылығы, тіпті, азық-түлік өнімдерін өңдеу бағытында да қолдануға болады. Мұның бәрі Қазақстанда инновациялық және ғылыми-техникалық үрдісті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Түптеп келгенде, бұл біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң септгін тигізеді.
- АЭС жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғыза ма?
- Ол жүз емес, мыңдаған жұмыс орнын ашады. Осылайша, еліміздің технолоигялық әлеуеті артады. Осыған дейінгі жетістіктердің көбісі гуманитарлық бағытта болып жатса, енді технологияға да кезек келеді.
- Айтпақшы, осы орайда сұрай кетейін, бізде бұл саланы жетік білетін мамандар бар ма?
- Мүмкін, жеткілікті емес шығар, бірақ бар. Алдағы уақытта олардың қатары артады деп ойлаймын. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Ядролық энергетика мен физика саласының мамандарын даярлауға арналған инфрақұрылым о бастан жолға қойылған. Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық базасында жұмыс жасайтын реакторлар бар. Сол жерде жаңа маман даярлап, оларды іс-тәжірибеден өткізуге әбден болады. Сондықтан бұл бағытта ешқандай кедергі жоқ деп есептеймін.
- Ал, қауіпсіздік жөнінде не айтасыз?
- Заманауи АЭС адамдарға да, табиғатқа да қауіпсіз. Мұны мен емес, мүйізі қарағайдай әлем ғалымдары айтып отыр. Қазіргі 3 және 3+ буынды реакторларда қауіпсіздік мәселесі өте жақсы жолға қойылған. Тіпті, апат бола қалған жағдайда да, радиоактивті заттардың сыртқа шығып кетпеуіне барлық жағдай қарастырылған. Ал, Чернобыль қаласындағы қайғылы жағдайға келсек, оған кеңес дәуіріндегі ескірген технолоигялар себеп болды. Оларды әлдеқашан бүгінгі уақыт талабына жауап бере алатын құрылғалар ауыстырып қойған. Қазіргі реакторлар сумен салқындатылады. Оларды әлемдік үздік компаниялар ұсынып отыр. Сондықтан адам өмірі мен қоршаған ортаның экологиясы үшін қауіптенудің жөні жоқ.
Тағы бір қоса кетер жайт, көмірмен жұмыс жасайтын электр станцияларына қарағанда, АЭС анағұрлым экологиялық тұрғыдан тиімді. Себебі, ол ауаға парниктік газ бен басқа да зиянды заттарды бөлмейді. Оның үстіне, қазір климат та қатты өзгеріп жатыр ғой, ауа сапасы да жақсарып жатқан жоқ. Мұндай жағдайда қайта АЭС көмекке келеді деп ойлаймын.
- Ал, экономикалық жағынан бұл қаншалықты тиімді?
- Атом станциялары арқылы ел экономикасын бір ғасыр бойы тұрақты дамытып отыруға болады. Оны іске қосуға кететін шығын да айтарлықтай көп емес. АЭС салатын заманауи компаниялар оның 60 жыл жсайтынына кепілідк береді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, мұндай станциялар 80 жыл, тіпіт, одан да ұзақ мерзімге дейін жұмыс жасай алатынын көрсетіп отыр. Станцияның қызмет көсрету мерзімі аяқталған соң, ядролық реакторлар мен раидиоактивті қалдықтар қауіпсіз түрде залалсыздандырылады. Сайып келгенде, бұған ұзақмерзімді инветсиция деп қарау қажет. Қазір қолға алсақ, ертең біз де, бізден кейінгі ұрпақ та көптеген онжылдықтар бойы жемісін көріп отыратын болады.
- Демек, сіздің партия АЭС құрылысын қолдайды ғой?
- Біздің партия ғылыми жетістіктердің зор мүмкіндігі мен мол пайдасына сенім артады. Осы орайда, біз мұндай маңызды жобаны бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенімізді жеткізгім келеді. АЭС өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетімізді одан әрі гүлдендіре түседі деп сенемін.
- Тағы алып-қосарыңыз бар ма?
- Қазақстанның 12 қаласында жылу желілерінің жағдайы мүшкіл деңгейге жетті. 2023 жылы жылу электр станцияларының орташа тозуы 73 пайызды құрады, бұл өңірлерді тұрақты энергиямен жабдықтауда қиындық тудырады. Екібастұзда бұл көрсеткіш 91, Павлодарда 83, Степногорск қаласында 82 пайызға жетті. Атбасар, Петропавл, Ақтау және басқа қалалар да желілердің айтарлықтай тозуынан зардап шегуде. Оның 47,2 шақырымын жөндеуге 33 миллиард теңге бөлінді, бірақ бұл уақытша шешім ғана.
Сарапшылар қазба байлықтары — көмір мен мұнайды энергияның ең қауіпті көзі деп санайды. Қазақстандағы электр энергетикасы генерациясының 77 пайызын құрайтын көмір ЖЭО парниктік газдар мен зиянды заттардың ең көп мөлшерін бөледі. Көмірмен жасайтын электр станцияларына қатысты өлім-жітім деңгейі өндірілген электр энергиясының бірлігіне шаққанда сағатына 24,6-32,7 тераватты құрайды. Салыстырмалы түрде алғанда, атом және жаңартылатын энергия көздері әлдеқайда қауіпсіз. Өйткені, атом энергиясынан туындайтын өлім-жітім көмірге қарағанда 99,8 пайызға аз.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ