Сіз учаскелік полицейіңізді білесіз бе? (+ВИДЕО)

Учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункциялы сала мамандары, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қоқыс пен темекі тұқылын кез келген жерге тастап кететін көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін де учаскелік полиция инспекторлары. Өйткені өзі жауапты аумақта қылмыс тіркелсе, бірінші болып жететін ол криминалист, жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы сияқты жауапты мамандықтардың бүкіл міндетін қатар атқарып жүреді. Қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүретіндіктен, оларға таяқ та бірінші тиеді, алғыс та арқалап жатады. Полицияға қатысты сын мен мін тағылса да, соның көбі осы қызмет өкілдеріне қарата айтылады. Қарауындағы үйлердің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына еріксіз куә болып жүретіндер де осылар.

Бүгінде тұрғындар өз құқықтық қауіпсіздігі үшін учаскелік полиция инспекторларын білуі қажет. Себебі кез-келген тұрғын өзіңе қауіп төнген кезде ең бірінші учаскелік полиция инспекторына хабарласа алады. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы жетіп артылады. Мұның сыртында күнделікті жұмысында сан қилы адаммен жолықтыратын қызметтің қаупі мен қатері тағы бар.

Азаматтардың сенімі – олардың жұмыс сапасына тікелей байланысты, өйткені учаскелік инспекторы халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын болып саналады. Сондықтан да бүгінде полицияның учаскелік инспекторларының мәртебесін көтеру, олардың жұмыстарын оңтайландыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша полиция жұмысын жақсарта түседі.

Атырауда учаскелік полицейлер жыл басынан бері 17 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтаған. Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Азаматтардың сенімі - олардың жұмыс сапасына тікелей байланысты, өйткені учаскелік инспектор халық пен полиция арасындағы негізгі байланыстырушы буын болып саналады. Атырау облысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде «Жұртқа жақын полицей» қағидатын берік ұстанған 200- ден астам учаскелік полиция инспекторлары қызмет етеді. Олар өз аумағының тыныштығын күзетіп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстарды ашуда барлық күш-жігері мен қабілетін жұмсап, кей кезде өз денсаулығын да қауіп-қатерге тігіп жатады.

Жыл басынан бері Атырау облысындағы учаскелік полиция инспекторлары 16939 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған. Оның ішінде қару сақтау ережесін бұзған-338, отбасы тұрмыстық саласындағы құқық бұзған-1680, 1-есірткі затын, 64-мүліктік қылмыстар, ҚР ӘҚБтК 440-бабы «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу»-85, ҚР ӘҚБтК 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» - 27, ҚР ӘҚБтК 461-бабы «Қорғау нұсқамасын бұзу» бойынша 28 деректі анықтаған.

«Жұртқа жақын полицей» қағидаты бойынша учаскелік полиция инспекторлары қызметінің негізгі саласы нақты азаматтарға құқық қорғау қызметін көрсетумен байланысты болғандықтан азаматтармен тікелей кері байланыс орнатуға мүдделі. Осы ретте, жыл басынан бері учаскелік инспекторлар халық алдында 698 жиын өткізген. Бұдан бөлек кері байланыс құралы ретінде танымал мессенджерлер пайдаланылып, әлеуметтік желіде парақшалар ашылған.

Бүгінде облыстағы учаскелік полиция инспекторлары үшін оңтайлы жағдайлар жасалған. Атырау облысы аумағында 96 учаскелік полиция пункттері халық үшін қызмет атқарады, оның ішінде барлық учаскелік инспекторлар 141 қызметтік көлік, бейнежетондар және электрондық планшеттермен жабдықталған. Өз кезегінде, учаскелік пунктеррдің тұрғын үйлермен жақын салынуы оң нәтиже беруде. Қажет кезде, тұрғындармен кездесіп, халықтың арыз-шағымына дер кезінде көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ІІМ халыққа жақынырақ болу үшін «Сіздің учаскелік полицей!» атты республикалық акциясын бастады. Акция үш кезеңде өткізіледі. Акция мақсаты-әрбір тұрғынға жету және белгілі бір аумақта құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ қызмет көрсетілетін әкімшілік учаске бойынша ақпаратты толық иелену.