ATPress.kz. 22 қараша. Ақтбөде өткен дзюдо күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатында Атыраудың намысын қорғаған палуан Сұңғат Закарияев жеңіс тұғырынан көрінді.
Дзюдошылар үшін жылдың басты додасы саналатын жарысқа еліміздің барлық аймағынан бес жүзге жуық палуан қатысып, үш күн бойы Ақтөбе қаласын дүбірге бөледі. 90 келі салмақта өнер көрсеткен палуанымыз Сұңғат Закарияев алғашқы белдесулерінде Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе облысының палуандарын ұтып, жартылай финалда сыралғы қарсыласы Айбол Айтбекке есе жіберді. Ал, үшінші орын үшін болған белдесуде павлодарлық палуаннан айласын асырып, ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Сұңғат осымен үш мәрте Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері атанып отыр. Сондай-ақ, ол осы жетістігі арқылы келесі жылы жаңадан жасақталатын Қазақстан құрамасына алынып, әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын болады.
Дулат Мәтжан