ATPress.kz. 29 наурыз. Әлемге танымал ауыр атлет Илья Ильин үлкен спортқа қайта оралады.
«Мінсіз физикалық формаға шамамен 40% жақынмын. Өйткені ауыр атлетикамен мен он күн бұрын ғана айналыса бастадым. Бірақ, бұған дейін жүгіріп, суға шомылып, футбол ойнап жалпы спорттық дайындықты назардан тыс қалдырмадым. 32 жасқа дейін ауыр алтетикамен айналысқым келгендігі туралы бұрынан жоспарым болған», - деді Илья Ильин Kazakh TV YouTube-арнасына берген сұхбатында.
«Қаз Ақпарат» агенттінінің жазуынша, спортшының басты арманы Токио Олимпиадасында топ жару. «Әрине, мен төрт дүркін Олимпиада чемпионы болуды армандаймын. Біріншіден, мен қазір он жыл бұрын жоспарлаған жоспармен жүріп келемін. Екіншіден, мен бұл спортты жақсы көремін. Өз ісімді сапалы әрі әдемі көрсете аламын.Оның үстіне мен әлі жаспын. 29 жас - бұл спортшының «шыңы». Себебі, менде ақылмен саралау, шеберлік пен тәжірибе, жалпы дайындық жеткілікті», - деді спортшы өзінің сұхбатында.
Айта кетелік, Илья Ильиннің сынамасынан допинг табылып, 2008 және 2012 жылдары өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлделерінен айырылған еді. Шыны керек, допингке байланысты дауды сол кезде әркім әрқалай қабылдады. Фанаттар әлі күнге дейін Ильяның талассыз чемпион екендігін айтуда. Дегенмен, негізгі жаңалық сол - қазақстандық спортшыны дисквалификациялау мерзімі 2018 жылдың 19 қазанында аяқталады.
Тасым Әбіш
Сурет: inform.kz