ATPress.kz. 5 қазан. Атыраулық дзюдошы-бапкер Аманбай Қыздарбаев Италияның Ольбия қаласында өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. Жарыста жерлесіміз қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, тұғырдың төрінен көрінген.
30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткен байрақты бәсекеде жаһанның түкпір-түкпіріндегі 72 мемлекеттен бір мыңға жуық дзюдошы қатысқан. Татами кілемінің шын шеберлері бас қосқан сайыста Аманбай Қыздарбаев 90 келіге дейінгі салмақта төрт кездесу өткізіпті.
Алғашқы екі белдесуінде италиялық пен испандық қарсыластарын таза жеңген жерлесіміз, ақтық сайыс үшін бәсекеде Словениядан келген балуанды жартылай жеңіспен шаң қаптырған. Ал, соңғы мәреде тағы бір италиялық дзюдошымен кездесіп, таза жеңіске жетіпті.
Ендеше, Атыраудың мақтаны болған дзюдошы-бапкер Аманбай Қыздарбаевты жарқын жеңісімен құттықтаймыз!
Айдос Қарабала