Денис Тен Атырауда шеберлік сағатын өткізді

ATPress.kz. 28 сәуір. Атырауда Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Тен шеберлік сағатын өткізді.

Алдымен жергілікті жас спортшылар мұз айдынында шеберліктерін көрсетіп, әдемі бағдарламаларын орындады. Кейін Денис Тен ортаға шығып, өзінің өмірлік тәжірбиесімен бөлісті.

- Қазақстанның барлық мұз айдындарын аралап көрдім. Ал, Атыраудағы жағдайға таң қалып отырмын. Мұнда кішкентай балалар үшін мәнерлеп сырғанауға барлық жағдай жасалған екен. Атыраудағы тегін үйірмелерді басқа облыстардан кездестіру қиын, - дейді әлемге танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен.

Чемпионмен кездесу үшін тек жастар емес, осы спорт түрінің және Денис Теннің жанкүйерлері жиналды. Шеберлік сағатынан соң Олимпиада жүлдегері жақсы әсер алғанын, өңірдегі мұндай жылы қабылдауды күтпегенін жеткізді.

Қазіргі таңда Денис Тен Олимпиада ойындарынан кейін демалуда. Жарақатынан соң мұз айдынына қайта шығып, үлкен белестерді бағындырарына сенім білдіріп отыр. 

 

Айқара Ғұмар