Атырауда жаңа футбол алаңдары ашылды (+ВИДЕО)

Қала аумағында тозығы жеткен 48 кіші аяқ доп алаңы бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Футбол алаңдарына ұзақ мезгіл күтіп ұстау жұмыстарын жүргізілмеуіне байланысты, сонымен қатар, қарқынды қолданыс және бұзақылық салдарынан ақаулықтар пайда болған. Қазіргі таңда кіші аяқ доп алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте, бүгін қаланың 5 аумағынан, яғни, «Вокзал маңы» ықшам ауданынан 4 және «Огородный» ықшам ауданынан футбол алаңы халық игілігіне берілді. Жалпы, өңірде бүгінгі күні 16 ойын алаңы дайын. Олар біртіндеп ашылып, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және қалалық спорт және денешықтыру бөліміне тапсырылады. Алаңды күтіп ұстау жұмыстарын «Бұқаралық спортты дамыту спорт клубы» мекемесі қамтамасыз ететін болады.

Арнайы шараға қала әкімі Мейірім Қалауи қатысып, кіші аяқ доп алаңының сапасын бақылап, мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, тұрғындар мен балаларға қолданысқа берілген футбол алаңын күтіп ұстау қажеттігін ескертті.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының айтуынша, алаңдардың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес қоршаулары мен жасанды көгал жабындыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, орындық пен қоқыс жәшіктерін орналастыру қарастырылған.

Айта кетейік, футбол алаңдарын қалыпқа келтіру 2022 жылы басталып, қазіргі таңда жалғасуда. Жұмыстар жаз айында толықтай аяқталады. Тиісті жұмыстарды «Жайық-Сити» мердігер мекемесі атқаруда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ